Meta Қазақстанда ІТ-мамандарға арналған AI-бағдарламасын іске қосады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Meta Қазақстанда жасанды интеллектке арналған акселератор іске қосады: оқыту тегін, оған байқау негізінде қатысуға болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

29 мамырда өткен «Астана» халықаралық форумы аясында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Meta корпорациясы және Blockchain & AI Technology Centre арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі ниет хатына қол қойылды. Бұл құжат елімізде Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan атты жасанды интеллектке арналған акселерациялық бағдарламаны іске қосуға негіз қалады. Бағдарлама отандық ІТ-мамандарға жасанды интеллект технологияларын меңгеруге әрі өз өнімдерін жаһандық нарыққа шығаруға жол ашпақ.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бағдарлама қатысушыларына суперкомпьютерлерді қоса алғанда, жоғары есептеу қуаты ұсынылады — бұл жасанды интеллект өнімдерін жасау үшін шешуші фактор. Бағдарлама аясында қатысушылар Meta компаниясы әзірлеген тілдік модельдермен, соның ішінде LLaMA платформасында ІІ-шешімдер құру тәсілдерін үйренеді.

Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan жобасындағы оқыту тегін, алайда оған тек байқау арқылы іріктелген үміткерлер ғана қатыса алады. Жоба — жасанды интеллект негізінде ауқымды әрі тиімді шешімдер әзірлеуге құлықты дарынды бағдарламашыларды, стартап өкілдерін және жас ғалымдарды топтастыруды көздейді.

Бағдарламаның нақты басталу мерзімі әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен министрдің мәліметінше, іріктеу нәтижелері мен жеңімпаздар 2025 жылдың 2-4 қазанында Астанада өтетін Digital Bridge форумында жария етіледі.

Бұл бастама Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы жергілікті экожүйені дамытуға және еліміздің ІІ-жобаларды жасауға арналған жаһандық тізбектерге интеграциялануына бағытталған. Қатысушыларға техникалық инфрақұрылыммен қатар, Meta компаниясының халықаралық сараптамасы, менторлық қолдау және әдістемелік құжаттар да ұсынылады.