Алатау-сити жобасының болашақта ұсынатын жеңілдіктері таныстырылған презентация қазақстандық миллиардерлерге әсер еткені соншалықты, олар тіпті сахнада тұрып-ақ маңызды келісімдер жасауға дайын болып, күтпеген серіктестіктер туралы ойлана бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Astana International Forum 2025 аясында қызықты диалог орын алды.
ОЛИГАРХТАР ІСКЕ КІРІСТІ
«Ракурс Консалтинг Груп» және «Eneverse KunKuat» ЖШС-нің тең иесі Ораз Жандосов вице-премьер Қанат Бозымбаевқа сұрағымен жүгінді.
– Егер біз қазір инвестиция салғымыз келсе, кімге жүгінуіміз керек? Мүмкін премьер-министрдің орынбасарына шығар? Әлде облыс әкіміне ме? Қаланың әкіміне ме? Жоқ әлде менің ескі досым Юрий Цхайға ма? Кімге баруымыз керек? Ақшаны кімге беруіміз керек? Бізге жер керек, – деді ол.
Ораз Жандосовтың айтуынша, өзі тең иелік ететін компания жаңартылатын энергия өндіру бойынша Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі. Ал жаңа қалада, бұрынғы үкімет вице-премьері және ұлттық банк төрағасы болған Жандосовтың пікірінше, энергия толығымен «жасыл» болуға тиіс. Осы орайда ол 50 МВт-тық станция салғысы келетінін жеткізді.
Ораз Жандосовтың жанында отырған Қазақстанның ең бай адамдарының бірі, №41 орында тұрған, «Visor Kazakhstan» ЖШС-нің негізгі иесі Айдан Карибжанов басын изеп, Алатау-ситиге деген қызығушылығын білдіріп отырды. Оған дейін бұл жобаға қаржы салуға дайын екенін Forbes Kazakhstan тізімінің бірінші сатысындағы, Kaspi Group иесі Вячеслав Ким мәлімдеген болатын. Бірақ оның бұл іске әлдеқашан араласып кеткені анық: жақында ғана Jusan Bank ресми түрде атауын Alatau City Bank деп өзгертетіні мәлім болды. Ал 2025 жылдың басында Вячеслав Ким Jusan Bank-тің 97,5% акциясын сатып алуға өтініш бергені белгілі болды.
– Ең алдымен, мен сіздерге су және энергетикамен қамтамасыз етуге арналған технологиялық шешімдерді әзірлеп жатқан әріптестерімізді ұсына аламын, – деп сұраққа байыппен жауап бере бастады Бозымбаев.
– Атын айтыңызшы, нақты кім? – деп оны сөзін бөлді Жандосов, залда отырған басқа олигархтардың күлкісін келтіріп.
– Бірнеше минуттан кейін өзім қоңырау шаламын, тек телефонымды залдың сыртына қалдырып кетіппін, – деп әзілмен жауап қатты вице-премьер.
Бозумбаев Жандосовқа және “болашақ қаласына” миллиондар мен миллиардтарды жұмсағысы келетін өзге де инвесторларға облыстық әкімдікке жүгінуге кеңес берді.
– Егер сіздерге серіктес керек болса, Kaspi тобының бір бөлігі бола аласыздар. Әлде жеке жұмыс істегілеріңіз келе ме? – деп күлкімен сөзін аяқтады Бозымбаев.
Айтпақшы, Astana International Forum 2025-тен кейін Бозымбаев пен Жандосов шеткері жерде ұзақ тұрып, бір нәрсені үнсіз талқылап тұрғаны байқалды. Мүмкін, болашақ инвестициялық жобалар жайлы сөйлескен болар?
АЛАТАУ-СИТИ МИЛЛИАРДЕРЛЕРДІ НЕМЕН ТАРТТЫ?
Алатау қаласы ресми карталарда бар болғаны бір жыл бұрын пайда болды, алайда қазірдің өзінде ол «болашақ қаласы» деп аталып жүр.
Алатау-сити қаласының бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген. Жобаның бас кеңесшісі – Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы және Global Infrastructure Solutions Ink Азиаттық консультативтік кеңесінің директоры Вонг Хэн Файн. Оның Astana International Forum 2025 аясындағы тақырыптық сессияда түсіндіруінше, Алатау-сити инвесторларға қысқа, орта және ұзақ мерзімді бірқатар жеңілдіктер ұсынбақ. Сарапшының пікірінше, бұл Алатау-ситиді Қазақстан экономикасының өсу драйверіне айналдырады.
– Сингапур құрылысты енді бастағанда, бізге ештеңе шықпайды деген. Ал биыл біз 60 жылдығымызды атап өтіп жатырмыз және әлі де дамып келеміз, – деді ол.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2024 жылдың ішінде Алатау-ситидің негізгі инфрақұрылымы құрылды – мемлекеттік органдар, бас жоспар және арнайы экономикалық аймақ бекітілді. Ол Алатаудың Қазақстандағы өзге қалалардан түбегейлі айырмашылығы – бұл қала тек жеке инвестициялар есебінен салынатынын атап өтті.
– Қазір бізде 36 жоба pay plan-да, оның 14-і белсенді фазаға өтті. Инвестиция көлемі шамамен 2 млрд доллар, шамамен 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Бозымбаев.
Алматы маңындағы инвесторларды не күтіп тұрғанын цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев кеңірек баяндады.
– Бұл – бүкіл қала үшін арнайы экономикалық аймақ. Қала артықшылықтарын күшейтетін нақты құқықтық база қарастырылған. Алатау-ситиде ағылшын тілі бизнестің негізгі тіліне айналуы керек. Сондай-ақ мұнда криптовалюта ілгерілетілетін болады, ол тіпті тендер валютасы да болмақ. Сонымен қатар, шетелдіктерге жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат берілуі тиіс. Осылайша біз қаланың институционалдық негізін күшейтіп, дамуына серпін бере аламыз, – деп сендірді ол.
Мәдиевтің айтуынша, бұл жобаның түпкі мақсаты – бүгінде Дубайда өмір сүруді армандайтындардың Алатауды таңдауы.
ТАРИХЫ
Бұған дейін Алатау қаласының бейресми иесі – олигарх Юрий Цхай екені айтылған. Ол бұл жобаны 2000 жылдардың басынан бастап алға жылжытып келеді және оны Оңтүстік Кореядағы серіктестерімен бірге салатынын айтқан. Оның компаниясы осы аумақта үй салу үшін жер сатып алып, «болашақ қаласы» концепциясын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне таныстырған. Алайда сол кезде жаңа қала салуға бюджетте қаражат болмаған. 2024 жылы ұлттық экономика министрі қызметін атқарып тұрған Нұрлан Байбазаров Алатау жобасындағы Цхайдың рөлі туралы ештеңе білмейтінін айтқан.
Дегенмен, Astana International Forum 2025 аясында өткен Алатау-ситиге арналған сессияда Юрий Цхай басқа олигархтармен бірге алдыңғы қатарда отырды.