Каспийдің тартылуы Қазақстанға ауыр соққы болады - сарапшы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Каспий теңізінің деңгейі тарихи минимумға жақындап қалды. Эколог-сарапшылар дабыл қағуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАРИХИ МИНИМУМ

Каспий теңізінің гидрометеорологиясы мен ластануын бақылау жөніндегі үйлестіру комитетінің 28-сессиясының қорытындысы бойынша жарияланған мәліметке сәйкес, 2024 жылғы қарашаның алғашқы 20 күнінде теңіз деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша минус 29,03 метрге дейін түскен. energyprom.kz мәліметінше, мұндай төмен көрсеткіш соңғы рет 1977 жылы тіркелген еді – ол кезде Каспий теңізінің деңгейі минус 29,18 метрге дейін төмендеген.

Диаграммада Каспий теңізінің соңғы 100 жылдағы деңгейінің ауытқуы көрсетілген. Қазіргі байқалып отырған төмендеу – екінші рет қайталанған құбылыс. Алғаш рет теңіз 1930 жылдан 1977 жылға дейін осылай тартылған. «Қазгидромет» РМК сарапшылары «Гидрометеорология және экология» журналында жазғандай, ол кезеңдегі тартылу Каспий алабындағы өзендерде (Еділ, Жайық) су шаруашылығы құрылыстарының қарқынды жүргізілуімен байланысты болған. 1970 жылдардың басына қарай теңізге құятын өзендердің барлығы дерлік реттеліп, нәтижесінде табиғи өзен ағыны күрт азайған. 1978 жылдан бастап Каспийдің деңгейі жыл сайын көтерілген 18 жылдық кезең басталды. Ең жоғары шек 1995 жылы тіркелді – минус 26,4 метр. Содан кейін аздаған ауытқулар болғанымен, 2006 жылдан бастап деңгей біртіндеп төмендей бастады.

СЕБЕПТЕР

Қазақстан Республикасының су ресурстары және ирригация министрлігінің сәуір айының соңында мәжілісте өткен тақырыптық отырыста ұсынған деректеріне сәйкес, 2006 жылдан бері Каспий теңізінің ауданы 390 мың шаршы шақырымнан 360 мыңға дейін қысқарған.

Каспийдің тартылуына себеп ретінде Астрахань аймақтық география қоғамының сарапшылары теңізді негізгі сумен қамтамасыз ететін Еділ өзенінің алабындағы жауын-шашын мөлшерінің азаюын атап көрсетеді. Бұрын бұл өңірде Атлантикадан келетін циклондар жиі соғып тұратын. Алайда жаһандық климаттық өзгерістер салдарынан бұл циклондардың бағыты өзгеріп, енді олар жауын-шашындарын басқа аумақтарға әкелуде. Соның салдарынан Каспийге құятын өзендер бұрынғыдай мол су ала алмай отыр. Сонымен қатар, ауа температурасының жалпы көтерілуі де маңызды фактор – бұл теңіз бетінен буланудың артуына әкеледі.

ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ

Каспий теңізінің тартылуы – Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан елдері үшін ортақ мәселе болғанымен, оның салдары ең алдымен Қазақстанға ауыр тиуі мүмкін. Өйткені теңіздің солтүстік бөлігі – еліміздің аумағында орналасқан. Бұл аймақтың тартылып қалуы солтүстіктегі кеме қатынасының тоқтауына және мұнай өндірудің шектелуіне әкелуі мүмкін.

Мәжіліс депутаттары үкіметке жолдаған өтінішінде Каспий теңізінің тартылуымен қатар, ондағы мұнай өңдеу компанияларының әрекетінен туындаған экологиялық ластану мәселесін де көтерді. Мәжілісмендердің дерегінше, Қазақстанда екі рет мұнай компанияларына салынған экологиялық айыппұлдар инвестиция тарту не роялти бойынша төлемдерді есепке алу жолымен кешірілген. Осыған байланысты депутаттар мұнай компанияларымен жасалған келісімшарттардағы экологиялық талаптарды қайта қарауды немесе қоршаған ортаны жүйелі түрде ластайтындарға уақытша лицензия тоқтатуды ұсынады.

Егер алдағы бірнеше жылда Каспий деңгейінің 1978 жылғыдай қайта көтерілуі қайталанбаса, Қазақстан экологиялық және экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл – теңіздің солтүстігінде кеме қатынасының тоқтауы, экологиялық жағдайдың нашарлауы және тіпті экологиялық мигранттардың пайда болуы сияқты салдарға әкелуі ықтимал.