Жаңаөзенде баласына көлік айдатқан әке айыппұл арқалады

Ulysmedia
Фото: Lada.kz

Жаңаөзенде әкесі кәмелетке толмаған ұлына жол талғамайтын көлікті басқаруға бергені үшін жауапқа тартылды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін полиция тексеру жүргізіп, ер адамға бірнеше әкімшілік бап бойынша айыппұл салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МОНИТОРИНГ БАРЫСЫНДА АНЫҚТАЛҒАН

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мониторинг барысында әкесінің қасында отырған баланың жол талғамайтын көлікті басқарып келе жатқан сәті түсірілген бейне анықталған. Кейін тәртіп сақшылары көлік иесінің кім екенін тапқа. Бұл туралы Lada.kz жазды. 

ҚАНША АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ?

Тексеру нәтижесінде ер адамның 2014 жылы туған, жүргізуші куәлігі жоқ ұлына көлікті әдейі басқаруға бергені белгілі болды. Осыған байланысты әкеге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 5-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Аталған бапқа сәйкес оған 50 АЕК көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, ер адам қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша да жауапқа тартылды. Бұл бап 5 АЕК немесе 21 625 теңге көлемінде айыппұл қарастырады.

Полиция қызметкерлері көлікті айып тұрағына қойды.

Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Полиция ата-аналарды балаларға көлік басқаруға рұқсат бермеуге шақырып, мұндай жағдайлар қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.