Теңдессіз операция: Украина дрондармен соғыс басталғалы ең ауыр соққыны жасады

Сырым Қаржас
скриншот

Украиналық дрондар жексенбі күні Ресейдегі бірнеше әскери аэродромға соққы берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы BBC орыс қызметіне сілтеме жасап.

РЕСЕЙ «КИЕВ РЕЖИМІНІҢ ТЕРАКТІСІ» ДЕП АТАДЫ

Украина Қауіпсіздік қызметіндегі (СБУ) ақпарат көзіне сілтеме жасаған басылымның мәліметінше, Ресей елге басып кіргелі ең ауқымды шабуыл салдарынан 40-тан астам ұшақ зақымданған. Олардың қатарында А-50, Ту-95 және Ту-22М3 сияқты стратегиялық маңызы бар әуе кемелері бар.

Ресей қорғаныс министрлігі украин шабуылының болғанын растап, бірнеше әуе техникасының өртенгенін мәлімдеді.

Ресми ақпарат бойынша, дронмен жасалған шабуылдар Ресейдің бес өңіріндегі әскери аэродромдарды қамтыған — Мурманск, Иркутск, Иваново, Рязань және Амур облыстары.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл шабуылдарды «Киев режимінің теракті» деп атады.

Сонымен қатар, ведомство Иваново, Рязань және Амур облыстарындағы әскери аэродромдарда барлық шабуылдың тойтарылғанын хабарлады.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Иркутск және Мурманск облыстарындағы әскери аэродромдарда FPV-дрондардың шабуылынан кейін бірнеше әуе техникасы өртенген. Алайда ведомство нақты қанша ұшақтың зақымданғанын атап көрсетпеді.

УКРАИНА ҚАНША ШЫҒЫН КЕЛТІРДІ

Украина қауіпсіздік қызметінің (СБУ) мәліметінше, украин дрондарының Ресейдегі авиабазаларға жасаған шабуылы салдарынан қанатты зымырандарды тасымалдайтын стратегиялық ұшақтардың 34 пайызы зақымданған.

7 миллиард АҚШ доллар! СБУ-ның "Өрмек" атты арнайы операциясының нәтижесінде бүгін жойылған жаудың стратегиялық авиациясының шамамен осындай құны бар, — делінген СБУ-ның telegram-арнасында жарияланған хабарламада.

Кейбір деректерге қарағанда, дрондар Ресей аумағынан ұшырылған – олар жүк көліктерінен көтерілген. СБУ дереккөзі шабуылға ұшыраған нысандар ретінде келесі авиабазаларды атады: «Оленья» (Мурманск облысы), «Белая» (Иркутск облысы), «Иваново» (Иваново облысы) және «Дягилево» (Рязань облысы).

ШАБУЫЛҒА ҰШЫРАҒАН ОБЛЫСТАРДЫҢ БАСШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ

«Дрондар ұшырылған орын бұғатталды. Бұл – жүк көлігі», – деп жазды Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев әлеуметтік желіде.

Ол бұл дрон шабуылы Сібірдегі алғашқы оқиға екенін атап өтті.

Кобзевтің айтуынша, дрондар «Средний кентіндегі әскери бөлімге» шабуыл жасаған. Бұл елді мекен Усолье-Сибирское қаласының маңында орналасқан, ал сол аумақта «Белая» атты авиабаза бар.

Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис те өңір аумағына дрондар шабуылы болғанын растады.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда оқиға куәгері Оленегорск маңында тұрған жүк көлігінен дрондардың ұшып шыққанын айтып береді. Бұл маңда Ресейдің стратегиялық авиациясына тиесілі «Оленья» авиабазасы орналасқан.

Ресейлік telegram-арналар шабуыл сәтінде түсірілген кадрларды жариялап жатыр — видеоларда дрондар мен атыс дыбыстары естіледі.

“ӨРМЕК” ОПЕРАЦИЯСЫ

BBC-дің украин қызметіне сұхбат берген СБУ-дегі дереккөздің мәлімдеуінше, бұл арнайы операция «Өрмек» (орысша – «Паутина») деген атау алған және оны тікелей ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюктың өзі басқарған.

«Қазір СБУ Ресей аумағының терең тылында орналасқан жау бомбалаушы ұшақтарын жоюға бағытталған ауқымды арнайы операция жүргізіп жатыр. СБУ дрондары түн сайын украин қалаларын бомбалап жүрген ұшақтарды нысанаға алуда. Қазіргі мәлімет бойынша 40-тан астам әуе кемесі зақымданған, олардың қатарында А-50, Ту-95 және Ту-22М3 бар», – деді BBC-дің Украин қызметіне сұхбат берген СБУ дереккөзі.

Украин арнайы қызметтері жариялаған видеолардың бірінде Иркутск облысындағы «Белая» аэродромы деп сипатталған аумақтағы өрт сәті көрінеді.

Сонымен қатар бірқатар ресейлік Telegram-арнада дрондардың ұшып жүргені және атыс дыбыстары естілетін видеолар тарады. Видеолар «Белая» мен «Оленья» базаларының маңында түсірілген делінеді.

Shot жаңалықтар арнасы дрондар ұшырылған болуы мүмкін жүк көлігінің фотосын жариялады.

«Дрондардың фурадан ұшып шыққанын тек Иркутск емес, Мурманск облысында да көрген. Екі жағдайда да куәгерлер бірдей көріністі сипаттайды: үлкен жүк көлігі жолда тоқтап, ішінен дрондар көкке көтерілген», – делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, Мурманск облысында жүк көлігінің жүргізушісі ұсталып, тергеуде жауап беріп жатыр.

Екі жағдайда да шабуыл FPV-дрондар арқылы жасалған. Олар қашықтан басқаруға бейімделген арнайы бағдарламамен жабдықталған болуы мүмкін.

Айта кетейік, «Белая» авиабазасы Сібірде, Украина шекарасынан шамамен 4,5 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Ал «Оленья» аэродромы Мурманск облысында, Украинадан 1,7 мың шақырымдай алыста.