«Президент резиденциясына шабуыл жасады» деп сотталған Маханбаев министрлікті сотқа берді

Есдәулет Қызырбекұлы

Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыдағы «президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады» деп айыпталып, 1 жыл 8 айға сотталған Қосай Маханбаев қаржы министрлігі үстінен шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕШІККЕН БОСТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШАҒЫМ

Адвокат Айнара Айдарханованың сөзінше, сотқа шағым түсіруге Қосай Маханбаевтың үкімде көрсетілген мерзімнен 4 ай 9 күн артық отыруы себеп болған. Маханбаевты бірінші сатыдағы сот 1 жыл 9 айға соттаған. Ал апелляциялық сот жазаны бір айға қысқартып, 1 жыл 8 ай жаза кескен. Бірақ апелляциялық сот үкімі күшіне енсе де, Маханбаев дер кезінде босатылмаған.

Қылмыстық атқару жүйесі бізге оның мерзімінен артық отырғанын растады. Осыған байланысты біз моральдық шығын бойынша қаржы министрлігінің үстінен шағым түсірдік. Жылдың басынан бері сот шағымды қабылдамады. Біз қарсы шағым түсірдік. Бірінші сот 29 мамырда өтті. Істі Қарағанды облыстық соты қарап бастады. Басты сот талқылауына көшіп жатыр. Шағымда моральдық шығын ретінде 50 миллион теңге талап еттік, – деді Айнара Айдарханова Ulysmedia тілшісіне.

Адвокат сот шағымды қанағаттандырмаса, Жоғары сотқа дейін шағымданамыз дейді. Сөзінше, қаржы министрлігі өкілдері шағымға қатысы жоғын айтып, кінәлі мекемелер жауап беруі керек деген.

“АЗАПТАУ ШАҒЫМЫН БҰҰ ҚАРАЙДЫ”

Ulysmedia тілшісі Қосай Маханбаевпен де сөйлесті. Ол жақында ғана ота жасатып, ауруханадан шыққанын айтты. Сөзінше, түрмеде алған жарақаттарынан әлі айыға алмаған.

Түрмеде отырған бір екі жігіт маған күш көрсетіп, солармен күресемін деп связкамды зақымдап алғанмын. Оларды сол жерге әдейі жіберді ме, әдейі емес пе мен білмеймін. Оны біл алла біледі. Бірақ та ол болған оқиға. Басымыздан қаншама дүниелер өтті. Енді шағым түсіріп тұрмыз, – деді ол.

Қосай Маханбаевтың сөзінше, азаптау бойынша түсірген шағымдары «дәлел жоқ» деген себеппен тоқтатылған. Бірақ құқық қорғаушылардың көмегімен ісін Біріккен Ұлттар Ұйымына жіберген.

Біз Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау бюросы арқылы менің және Саят Әбілбек екеуміздің ісіміз БҰҰ-ға кетті. Қазақстан азаптау бойынша істі тоқтатып тастады. Бірақ біз барлық инстанциядан өттік. Барлығын жауабын алдық. Қаншама адам бірдей шағым түсірсе де, оларға ол дәлел болмады, – деді Қосай Маханбаев.

СОТ ІСІ ЖӘНЕ САЙЛАУ

Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған. Оны полиция ауруханада жатқан жерінен алып кеткен. Оған дүрбелең кезінде оқ тиген. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқан.

2023 жылы Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Бірақ прокуратура шағым түсіріп, Алматының сайлау комиссиясы оны сайлаудан шеттеткен. Аумақтық сайлау комиссиясы бұны «тергеуге қысым жасаудан сақтану» деп түсіндірген. Сол кезде Маханбаев «президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады» деген айыппен істі болып жатқан.

Қосай Маханбаевтан өзге бұл іс бойынша 10 адам сотталған. Оларға Қаңтар оқиғасы кезінде  «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді», «билік өкіліне күш қолданды», «әскери қызметкерді кепілге алды» деген айыптар тағылған. Сотталушылардың барлығы тергеу изоляторында азапталғандарын айтқан.