"Самұрық-Қазына" топ-менеджерлері қорда қанша қызметтік көлік барын айта алмады

Сырым Қаржас
Самұрық-Қазына

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма мүшелері журналистердің қызметтік көліктердің саны мен олардың қайдан алынғаны жөніндегі сұрағына жауап бере алмай қиналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының топ-менеджерлерінен қор қарауындағы қызметтік көліктердің саны, олардың шыққан елі және бұл көліктерді кімдер пайдаланатыны жөнінде сұрады.

Алайда «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Николай Казутин бұл сұрақтарға жауап бере алмады. Қордың даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан да өзінде мұндай мәліметтің жоқ екенін айтты. Дегенмен ол қызметтік көлікті қор басқармасының төрағасы мен еншілес ұйымдардың басшылары ғана пайдаланатынын нақтылады.

Мен Самұрық-Қазынаның басқарма мүшесімін. Самұрық-Қазынада 6 жыл бұрын ережелерге өзгерістер енгізілді. Қазір ешбір басқарма мүшесінде қызметтік көлік жоқ. Менің қызметтік көлігім жоқ. Мен Яндекс таксимен жүремін. Біздің Юревич те басқарма мүшесі. Оның да қызметтік көлігі жоқ. Бұл ковидке дейін бе, кейін бе, ықшамдау кезінде біз сондай ережелерге тиісті өзгерістерді енгіздік. Қызметтік көлік бірінші төрағада бар. ҚТЖ төрағасында да. Енді оларда қызметтік көліктің болуы керектігі турасында күмән жоқ шығар. Себебі олар қаншама отырыстарға барады. Бірақ маркасын білмеймін. Біздің қызметтік көлігіміз жоқ, – деді ол.

Журналистер бұл көліктердің нақты қанша адамға тиесілі екенін және отандық өндірістен шыққан-шықпағанын нақтылап сұрады.

Осыған жауап ретінде Салтанат Сәтжан былай деді:

Самұрық-Қазынада 10 үлкен компания бар. ҚТЖ, Қазатомөнеркәсіп – солардың әрбірінің басшысында қызметтік көлік бар, – деді ол.

“ҚОРДЫ ТАРАТУ” БАСТАМАСЫ

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ашықтығы мен есептілігі қоғамда жиі сынға алынып келеді. Бұл мәселе мәжіліс депутаттарының да назарынан тыс қалған емес. Бұған дейін мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов қорды тарату жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Алайда «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мұндай түбегейлі шешіммен келіспейтінін айтып, қор өз активтерін басқару функциясын толық атқарып отыр деп мәлімдеген.

Қор жайлы экономистер мен саясаттанушылардың пікірі жинақталған мақаланы мына сілтемеден оқи аласыздар.