2021 жылы Қазақстанға көшкен қандастардың саны жарияланды

Ulysmedia

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 17 540 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алғанын жария етті. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 87,8 мың этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«2021 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (76,2%) Өзбекстаннан, 9,7% – ҚХР-дан, 6% – Түркіменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 5,7% – басқа елдерден келген. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,5%), Маңғыстау (19%), Түркістан (13%) және Жамбыл (7,8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,5%) қаласына қоныстанды», - делінген министрліктің хабарламасында.

Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28%-ды және зейнеткерлер 16,8%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары білімі, 40,1%-ының орта кәсіби білімі, 45,6%-ының жалпы орта білімі бар және 3,1%-ның білімі жоқ.