"Ағаштарға жасалған қорлық": Астанадағы қараусыз қалған көшеттер тұрғындардың ашуына тиді

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Астананың оң жағалауында қараусыз қалған терек көшеттері қала тұрғындарының наразылығын тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Шағым әлеуметтік желілерде жарияланды. Куәгер түсірген видеодан көшеттердің шұңқырға салынғанымен, толықтай егілмей, сол күйі қараусыз қалғанын көруге болады. Кейбір көшеттердің жапырақтары сола бастаған.

— Қадап кеткен де, ұмытып кеткен. Қанша күн сусыз тұрғаны белгісіз. Бұндай жағдайлар қалада қанша жерде қайталанып жатыр екен? Жұмабаев — Құрманғазы көшесінің қиылысы, — делінген видеодағы жазбада.

Пікір қалдырған қолданушылар бұл жағдайға ашуланып, әкімдіктен түсінік беруді талап етті. Кейбіреулер мұны “ағаштарға жасалған қорлық” деп атады.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia редакциясы жағдайға байланысты Астана әкімдігіне ресми сауал жолдады. Алматы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ағаш отырғызу жұмыстары кешігіп жүргізілгенін растады.

Ведомствоның мәліметінше, бұған топырақ материалының уақытында жеткізілмеуі себеп болған.

– “Астана-Зеленстрой” ЖШС-нің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта М. Жұмабаев даңғылында ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс барысында қажетті топырақ материалын күтуге байланысты уақытша кідірістер болған. Осы аралықта түсірілген фотоматериалдар негізінде бірқатар ескертулер тіркелді, – делінген хабарламада.

Әкімдік бүгінде барлық көшет технологиялық талаптарға сай толық отырғызылғанын мәлімдеді.