Димаш Құдайберген Қазақстанның болашағы мен қазақ тілі туралы айтты

Сырым Қаржас
әншінің жеке сайты

Әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның болашағы мен қазақ тілі туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әнші Димаш Құдайберген Лондондағы алғашқы фан-кездесуін өткізді.

Кәусар Қараман есімді әншінің кішкентай жанкүйері осы кездесуде Димашқа Қазақстанның болашағы мен қазақ тілі туралы не ойлайтыны туралы сұрақ қойған.

–  “Өткенге өкпе жоқ” дейді, келерге үмітпен, нық қадаммен, сіз және біз болып әрекет етуіміз керек. Еліміздің болашағы, еліміздің алдағы уақыттағы амандығы біздің қолымызда. Көпке күйе жаққым келмейді, бірақ қазақ баласы есебінде өзімнің замандастарымның, қандастарымның, өзімнің отандастарымның қазақша судай сайрап тұрғанына куәгер болғым келеді, – деп жауап берді Димаш.

Димаш сондай-ақ жалғыз қалғанда не туралы көбірек ойлайтынын да айтқан.

–  Өмірді, жұмысты ойлаймын. Отбасы, достарыммен қарым-қатынас туралы ойлаймын. Ешқандай ерекше ештеңе жоқ… Өткен өмірім, болашағым жайлы ойлаймын, – деді ол.

Димаш Құдайберген — Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал әнші әрі композитор. Ол 2015 жылы Беларусьтің Витебск қаласында өткен “Славян базары” халықаралық байқауында Гран-при жеңіп, халықаралық деңгейде танылды. 2017 жылы Қытайдың The Singer байқауында екінші орын алып, әлемдік сахнаға шықты. Оның дауысының диапазоны 7 октаваға дейін жетеді.

Димаш қазақ тілінің жанашыры ретінде де танымал. Шетелде өнер көрсеткенде, ол жиі қазақ тілінде ән шырқап, тыңдармандарын қазақ тілін үйренуге ынталандырады. Мысалы, оның концерттерінен кейін көптеген жанкүйерлер қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан.