"Ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен сотталған жүкті әйелдің інісі қазақстандықтарға үндеу жасады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында сот 35 жастағы әйелді “ауыр экстремистік қылмыс жасады” деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Жүкті Жансұлу Дархамбаеваға TikTok-та жариялаған жазбалары үшін “ұлтаралық араздық қоздырды” деген айып тағылған. Сараптама оның видеолары “орыс ұлты өкілдерін қорлады” деп тапқан.

TikTok желісінде Zhansuluenergy деген лақап атпен тіркелген әйел Путинге үндеу жасайды. Ол 2025 жылы Ресейдің Қазақстаннан алған жерді пайдалану мерзімі аяқталатынын айтып, шекара маңындағы бірнеше аймақты “қайтаруды” талап етеді.

Бірнеше ай өткен соң әйел сот алдында жауап берді. Солтүстік Қазақстан облысы Новоишимское ауылының тұрғыны Жансұлу Дархамбаева видеоларының бірінде қазақ халқының тарихтағы қасіреті мен ашаршылық жайлы да айтып, кейінірек орыс халқына қатысты қорлайтын пікірлерге ауысады.

Бұл жазбаларда сараптама “адамдардың ұлттық тегіне қарай олардың артықшылығы мен төмендігін дәлелдеуге тырысу, орыс ұлты өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін қорлайтын (кемсітетін) тілдік белгілер бар” деп тапқан.

ҮНДЕУ 

Сот үкімінен кейін әйелдің інісі әлеуметтік желіде видеоүндеу жасады. Ол өз әпкесіне шыққан үкімді әділетті деп есептемейді.

– Сот үкімі шыққан кезде ол жүктіліктің 37-аптасында болған. Соған қарамастан, оның жазасы жеңілдетілген жоқ. Оны бірден сот залынан алып кетті. Біз мұны заң алдындағы адамгершілік пен әділдік қағидаттарының өте өрескел бұзылуы деп есептейміз, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін  Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 5 жылға сотталған еді. 

Темірлан Еңсебекке қатысты іс бір ғана эпизодтан тұрады. Ол — 2024 жылдың 21 қаңтарында Qaznews24 сатиралық арнасында және Instagram парақшасында жарияланған жазба. Онда "Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатаң жауап жолдады" деген сипаттағы жазба жарияланған. Жазбамен бірге авторы белгісіз музыкалық композиция берілген. Ән мәтінінде ұлтаралық сипаттағы анайы, балағат сөздер кездеседі, атап айтқанда — орыс ұлты өкілдеріне бағытталған өте ауыр әрі қорлайтын сөздер бар.