Ішкі істер министрлігі Kyzdar.net сайтын не үшін бұғаттай алмай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ішкі істер министрлігі мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, заңсыз контент тарататын сайттарды бұғаттау бойынша күн сайын шаралар қабылдап жатқанын айтады.
- Бұл бағытта ІІМ тиісті сұрау хаттарды тұрақты түрде жолдауда. Қазіргі уақытта екі министрліктің бірлескен жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның басты міндеті – «Kyzdar.net» сайты мен оның домендерін шұғыл әрі күнделікті бұғаттап отыру. Алайда сайт әкімшілері мекенжайлар мен домендерді үнемі өзгертіп отырады, соның арқасында ресурс қайтадан қолжетімді болып шыға келеді. Осыған байланысты ІІМ жаңа сілтемелерді дер кезінде анықтап, қолжетімділігін шектеу жұмысын жалғастыруда, – делінген жауапта.
КҮН САЙЫН 2 МЛН ТАБЫС
Еске салайық, 2023 жылы наурызда Kyzdar.Net сайтының топ-менеджерлері ұсталған болатын. ІІМ мәліметінше, күн сайын 2 млн теңгеге дейін пайда түсіріп отырған. Ал жылдық табыстары – шамамен 2 млрд теңге.
ҰЛЫСМЕДИАҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ
Жақында Ұлысмедиа порталының бас редакторы Самал Ибраеваға Kyzdar.net сайты арқылы сұмдық шабуыл жасалды: журналистің суреті, аты-жөні мен телефон нөмірі интим қызмет көрсетілетін сайттағы жалған анкетаға жарияланған болатын. Бұл жайтқа қатысты ІІМ Ержан Сәденов пікір білдірді.