Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судьяның өлімі: Айгүл Сайлыбаеваның енесі іздеуге жарияланды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Германияда өлтірілген қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның енесі Наталья Донцова кісі өлтіру ісі бойынша айыпталушы деп танылып, халықаралық іздеуге жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс Германияның құқық қорғау органдары тарапынан қозғалған.

– Германия СІМ мәліметінше, Дармштадт қалалық сотының шешімімен марқұмның күйеуінің анасы Наталья Донцова кісі өлтіру ісі бойынша айыпталушы деп танылған. Неміс полициясы оған Германия және Еуроодақ аумағында іздеу жариялау туралы ордер берген. Қазіргі уақытта оның қайда жүргені белгісіз, сондықтан ол халықаралық іздеуде, – деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстанның Германиядағы елшілігінің көмегімен іс материалдары марқұмның туыстарына және оның адвокатына берілген. Смадияров бұл істің саяси сипаты жоқ екенін ерекше атап өтті:

– Бұл саяси өлтіру емес, тұрмыстық сипаттағы, қылмыстық оқиға.

САЙЛЫБАЕВА ТУРАЛЫ

Айгүл Сайлыбаева Астана қаласының Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы және "Болашақ" бағдарламасының түлегі болған.

Германияда 2024 жылы жоғалып кетіп артынша денесі Бенсхайм қаласының шетінен табылған Айгүл Сайлыбаеваның оқиғасын қалың көпшілік ұмыта қойған жоқ.