Екінші нарықтағы үйді ипотекаға беру уақытша тоқтатылатыны туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Баспана жөніндегі сарапшы Арайлым Шоманова бұл жаңалықтың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
16 маусымнан бастап банктер ипотека беруді уақытша тоқтатыны туралы хабар тараған болатын.
- Мұның қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Қайтадан ипотека беру басталған кезде біраз өзгерістер болуы мүмкін. Мысалы жылдық пайыз, алғашқы жарна, табысты растауға қатысты өзгерістер болуы мүмкін. Жылдық пайыз немесе алғашқы жарнаның мөлшері не көтеріледі, не түседі. Оны ипотека беру қайтадан басталған кезде ғана білеміз. Сондықтан ипотека рәсімдеп алуға аз уақыт қалды, - деп жазған еді сарапшы.
ИПОТЕКА ЕНДІ БЕРІЛМЕЙ МЕ
Артынша Арайлым Шоманова бұл жазбасының мән-жайын түсіндірді.
- Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені төмендеткісі келгендіктен екінші нарықтағы үйді ипотекаға беру уақытша тоқтатылып жатыр. Яғни екінші деңгейлі банктерден бұрын қолданыста болған, иесі бар үйді сатып алу әзірге тоқтатылады. Ал “Отбасы банк” штаттық режимде жұмыс істей береді. Бұл ипотека беру мүлде тоқтайды деген сөз емес, дейді сарапшы.
Сондықтан еш нәрсені кейінге қалдырмай, алғашқы жарнына жинап, ипотека алуға дайындалуға болады деп қорытындылады маман.