Әскерге жастарды күштеп әкету көбейді: Бас прокуратура заңдылығы жөнінде не дейді

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Журналистер мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтен "әскерге жастарды күштеп әкету қаншалықты заңды?" деп сұрақ қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЫНДАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ

Әскери комиссариаттарға байланысты айтсақ, әрбір жағдайды жеке қарау керек шығар. Өйткені, түрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, әскерге шақырылған азамат қаншалықты қашқақтап, бой тасалап жүргені ескерілу керек. Шақырту бар екені туралы құлағдар етілді ме, жоқ па, осының бәрін жеке қарау керек, - деді ол.

Әсет Шындалиев бұл мәселеде жалпылама «осылай болу керек» деген ұстаным айта алмайтынын ескертті. “Өйткені, шынымды айтсам, сіздер айтып тұрған кейстермен мүлде таныс емеспін” деп түйді.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұған дейін Эльмира Рамашева інісін Назарбаев университетінің дайындық курсын (Foundation) аяқтап, студент атанғанына қарамай, көшеден әскерге ұстап әкеткенін БАҚ-та жазған еді. Бұл ақпарат желіде қызу пікірталас туғызып, ата-аналар университет басшысына хат жолдаған.

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев оның алдындағы оқиғаларға түсініктеме беріп, жастарға “армиядан қашпаңдар” деп кеңес айтқан.