Өзбекстан Ресейді азаматтарымыздың құқығын таптады деп айыптады

Сырым Қаржас

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресейде өз азаматтарына тінту жүргізіліп, дөрекі қарым-қатынас жасалғаны үшін наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өзбекстан Ресей құқық қорғау органдарының өз азаматтарына қатысты әрекеттеріне байланысты ресми түрде алаңдаушылық білдірді. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурхановтың айтуынша, Ресей аумағында тұратын Өзбекстан азаматтарына «дөрекі қарым-қатынас көрсетіліп, санкциясыз тінту шаралары жүргізілген».

Бұл мәлімдеме 11 маусым күні өзбек дипломаттары мен ресейлік тарап арасындағы кездесуден кейін жасалды. Министрлік хабарламасында мұндай әрекеттер екі ел арасындағы достық әрі стратегиялық серіктестік рухына қайшы келетіні атап өтілген.

Бұл жағдайлардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдануы тиіс, — деді Бурханов.

Дипломатиялық наразылықтың туындауына 8 маусым күні Мәскеудегі мигранттарға арналған жатақханалардың бірінде ОМОН жасаған рейд себеп болды. Осыған байланысты Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі РФ сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдап, құқық қорғау органдарының әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап етті.

Дипломаттардың мәлімдеуінше, бұл — адам құқықтарының бұзылуы, сондықтан Өзбекстан азаматтарына қатысты орын алған негізсіз әрі қатаң әрекеттерге назар аудару қажет. Елшілік жағдайды бақылауда ұстап, зардап шеккен азаматтармен тығыз байланыс орнатқан.

Шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау — біздің басты басымдығымыз, — делінген Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Ресей сыртқы істер министрлігі өзбек тарапынан жолданған нотаны алғанын растап, құжаттың мұқият қаралып жатқанын хабарлады. Ресми түсініктемеде екі ел арасындағы қарым-қатынастың одақтастық әрі стратегиялық сипатта екені айтылып,

Барлық екіжақты мәселелер осы ұстаным негізінде шешіледі, — деп атап өтті Ресей СІМ.

Ресейде көші-қон бақылауы күшейіп жатқан тұста мұндай оқиғалар дау туғыза бастаған. Өзбекстан мен Орталық Азияның өзге елдері Ресей аумағында жүрген азаматтарының құқықтарының сақталуын жіті қадағалап отыр. Бұл әсіресе еңбек мигранттарының саны артып, тексерулердің жиілеген кезінде өзекті.