Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанда кеңестік әскери мектеп сақталып отыр, ал ол қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне жауап бере алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰҚШҰ САРҚЫНШАҒЫ
Саясаттанушы Украинада соғыс басталғалы бері Қазақстан әскери жабдықтау көздерін әртараптандыруға тырысқанын атап өтті. Атап айтқанда, Түркия, АҚШ және Еуропа елдерінен әскери өнімдер сатып алу қолға алынған. Алайда оның айтуынша, еліміздегі тактика, стратегия және офицерлер даярлау жүйесінде әлі де «ҰҚШҰ-ның сарқыншақтары» байқалады.
– Кеңестік әскери мектеп сақталып қалған деп айтуға болады. Мысалы, Қазақстанның жаңа қорғаныс министрінің өмірбаянына қарасаңыз, ол Ресейде әскери білім алғанын көресіз. Егер біз армияны реформалау және қорғаныс саясаты туралы айтатын болсақ, онда қазақстандық армия мен оның басшылығында жаңа кадрлық әлеует қалыптасуы тиіс, – деді саясаттанушы Minval-ға берген сұхбатында.
РЕФОРМА
Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанға қазіргі заман талаптарына сай әскер құруды меңгерген жаңа буын әскери басқарушылар қажет. Өйткені қазіргі жағдайда бейімделу мен серпінді даму аса маңызды. Ол қазіргі жүйеде заманауи әскери ойлау көрінбейтінін алға тартты.
– Қазіргі заманғы тиімді қаруды кез келген елден сатып алуға болады, бірақ олардың бірлесіп қалай жұмыс істейтіні, сол арқылы елдің қорғаныс қабілеті қаншалықты артады – бұл үлкен сұрақ, – деп қосты саясаттанушы.
ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІП
Сәтпаев бүгінгі таңда бүкіл әлем жоғары геосаяси тұрақсыздық жағдайында өмір сүріп жатқанын, мұның тіпті Еуропалық Одақ аясында да байқалып отырғанын айтты.
– Егер бұрын Еуропа елдері ұзақ уақыт бойы АҚШ-тың әскери «қалқаны» астында болса, Дональд Трамптың билікке келуімен олар өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуге мәжбүр. Қазір олар қорғаныс бюджеттерін көбейтіп, әскери-өнеркәсіптік кешендерін дамытып, жаңа әскери құрылымдар құрып жатыр.
Көптеген ел қазіргі уақытта түрлі деңгейдегі қақтығыстардың көбейіп келе жатқанын айқын түсініп отыр, – деп түйіндеді Досым Сәтпаев.