The Daily Mail басылымы Үндістандағы апат алдында, яғни тура ұшақ апатқа ұшырар сәт қарсаңында түсірілген бір отбасының соңғы суретін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үндістанның батысында құлаған Boeing 787 жолаушылар ұшағында қаза тапқан бір отбасының соңғы селфиі – бірге түскен соңғы суреті болған.
Коми Вьяс есімді дәрігер күйеуі, доктор Пратик Джошимен және үш баласымен бірге Лондонға қоныс аудармақ болған. Суреттен олардың ұшақ ішінде қатар отырғандары көрінеді. Бір қатарда – бес жастағы егіз ұлдары мен сегіз жастағы қызы отырған.
Коми Вьяс бұл фотосуретке «Жаңа өмір» деп жазба қалдырған. Кадрдан оның жүзінен қуаныш сезіледі.
Отбасының отағасы бірнеше күн бұрын арнайы Үндістанға келіп, отбасын Лондонға көшіруді жоспарлаған. Алайда бұл үмітті адам сенгісіз қайғылы апат күл-талқан етті.
АПАТ ЖАЙЛЫ
Air India әуе компаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner ұшағы Гуджарат штатындағы Ахмедабад қаласының әуежайынан ұшып шыққан сәтте апатқа ұшырады. Апат салдарынан жолаушылардың басым бөлігі көз жұмды. Әуе компаниясы 241 адамның қаза тапқанын ресми түрде растады. Тірі қалған жалғыз адам – 38 жастағы британ азаматы қазір ауруханада емделіп жатыр.