Алатау соты Мұратхан Тоқмәдидің жаза мерзімін қысқарту жөніндегі өтінішін қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2025 жылы Тоқмәди қылмыстық кодекстің 6-бабын қолдану туралы екі рет өтініш бергенімен, екеуінде де сот оның өтінішін орындаудан бас тартқан. Алатау ауданындағы процестер жәбірленуші тараптың қатысуымен өтті. Сот Тоқмәди мен оның адвокатының Тәтішевтер отбасын және бұқаралық ақпарат құралдарын істен шеттету туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Ержан Тәтішев 2004 жылдың 19 желтоқсанында Отар стансасы маңында аңшылық кезінде қаза тапты. Ол кезде оқиға «жазатайым оқиға» ретінде бағаланған болатын. 2007 жылы Мұратхан Тоқмәди Ержан Тәтішевті аңшылық кезінде абайсызда өлтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, сол сәтте-ақ рақымшылықпен босатылды.
Алайда 2017 жылы ол қайтадан қамауға алынып, орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жылға сотталды. Ол кезде сот Тоқмәдиді қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз иемденіп, сақтау, тасымалдау, өткізу және бопсалау деректері бойынша кінәлі деп таныған еді. Кейін ол тергеу органдарымен процессуалдық келісімге келген. Арада біраз уақыт өткен соң, КТК арнасына берген сұхбатында Тоқмәди Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындап, бұл қылмысты «Банк ТұранӘлемнің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен жасағанын мәлімдеді.
Сот процесінде Мұратхан Тоқмәди өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Ол қылмысқа баруын Мұхтар Әбіләзовтің отбасы жасаған қысымымен түсіндірді. 2018 жылдың наурызында сот Тоқмәдиді «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен кісі өлтірді» деп танып, 10,5 жылға бас бостандығынан айырды.