Қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа реакция білдіреді деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саясаттанушы Чеботаревтің пікірінше, Израильдің әскери іс-қимылдарда екінші майдан ашуы, яғни Иранға қарсы соққы жасауы – Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдері үшін елеулі қауіп төндіреді.
Мұндай тәуекелдер 2023 жылдың қазан айында-ақ байқалған еді. Ол кезде Израиль бір мезетте ХАМАС пен «Хезболла» қарулы топтарымен шайқасып жатқан болатын. Былтырғы Израиль мен Иран арасындағы авиациялық және зымырандық соққылар бүгін басталған нақты соғыс алдындағы «дайындық» сияқты көрінді. Қазір Иран қандай жауап қайтаратыны, оның салдары қандай болатынын болжау қиын. Әсіресе, егер АҚШ Израильді қолдауға кіріссе... Ал Орталық Азия елдері үшін бұл жағдай алдағы Қытаймен өтетін саммитте, сондай-ақ ҰҚШҰ мен ШЫҰ аясында басты талқыланатын тақырыптардың бірі болары анық, – дейді саясаттанушы.
13 маусымға қараған түні Израиль Иранның нысандарына соққы берді. Әскери операцияның басты мақсаты – Иранның ядролық объектілері.
Израиль әскери-әуе күштері Натанз бен Фордодағы уран байыту кәсіпорындарын, Керманшах пен Хорремабадтағы зымыран базаларын, сондай-ақ Тегеран, Исфахан, Тебриз және басқа да ірі иран қалаларын нысанаға алған.
Бұған дейін Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.