Қазақстанда АЭС-ті ақыры ресейлік “Росатом” салатын болды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Aтом энергетикасы агенттігі елімізде "атом электр станциясын (АЭС) салуға ең тиімді және оңтайлы ұсыныстар анықталғанын" мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Атом өнеркәсібін дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстанда АЭС салу бойынша ең тиімді және оңтайлы ұсыныстар ретінде ресейлік “Росатом” компаниясының ұсыныстарын таңдады.

Жүргізілген талдау нәтижелері Атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды. Комиссия Қазақстанда АЭС салу бойынша ең тиімді және оңтайлы ұсыныс ретінде “Росатом” компаниясын таңдады. Одан кейінгі орында – Қытайдың CNNC компаниясы. Францияның EDF және Кореяның KHNP компаниялары үшінші орынды бөлісті, – делінген хабарламада.

ҚР Атом энергетикасы агенттігі еліміздегі алғашқы АЭС-ті салу үшін тиімді халықаралық консорциум құру мақсатында шетелдік серіктестермен жұмысты жалғастырады.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, 2025 жылғы ақпанда Қазақстанда алғашқы АЭС салынатын орын анықталған еді. Алайда жобаны жүзеге асыратын жеткізуші немесе консорциумды таңдау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Энергетика министрлігі бұл шешім биыл қабылданатынын мәлімдеді.

Қазақстанда АЭС салуға технология жеткізуші ретінде шорт-листке ресейлік “Росатоммен” қатар, Оңтүстік Кореяның KHNP, Қытайдың CNNC және Францияның EDF компаниялары да енген.