Зеленскийге Қазақстанның сенім грамоталары тапсырылды

Сырым Қаржас
ҚР СІМ

Қазақстанның Украинадағы елшісі Төлежан Барлыбаев Украина президенті Владимир Зеленскийге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, тапсыру рәсімі ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасы ескерткіштерінің тізіміне кіретін «Киевтік София» (1037 ж.) ұлттық қорықтың аумағында өтті.

Қысқаша сұхбат барысында дәстүрлі достық қазақ-украиналық қарым-қатынастардың жағдайы мен болашағы, сондай-ақ әртүрлі салалардағы іскерлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

ЖАҢА ЕЛШІ

Президенттің жарлығымен Төлежан Барлыбаев Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына биыл шілдеде тағайындалды.

БАРЛЫБАЕВ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Төлежан Барлыбаев 1970 жылы Теміртауда дүниеге келген. Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолында әр жылдары Қазақстанның Украинадағы Елшілігінде бірінші хатшы, кеңесші, Польша Республикасындағы Елшілікте кеңесші қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінде бас инспектор болған.

Сыртқы саясат саласында Қазақстанның Хорватиядағы елшісі, сонымен қатар қосалқы негізде Босния және Герцеговина мен Черногориядағы елші қызметін атқарған. Соңғы қызметі – Қазақстан Республикасының Словакиядағы төтенше және өкілетті елшісі болған.