Петропавлдағы ЖЭО-да жұмысшы биіктен құлап кетті

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Петропавлдағы ЖЭО-2-де 39 жастағы жұмысшы биікте жұмыс істеп жүрген кезінде құлап, ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Оқиға 13 маусымда өндірістік нысанда болған. Жұмысшыны шұғыл түрде қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізген.

Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап, дереу жансақтау бөліміне жатқызған.

Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адамға “ауыр аралас жарақат” диагнозы қойылған. Медициналық қорытындыда келесі жарақаттар тіркелген:
    •    Жабық бас-ми жарақаты;
    •    Ми соғылуы;
    •    Шүйде-төбе бөлігінің жыртылған жарасы;
    •    Сол жақтағы бірнеше қабырғаның сынуы;
    •    Сол жақ өкпенің соғылуы;
    •    Сан тұсындағы сырылған жаралар;
    •    Іштің тұйық жарақаты.

Қазір науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оған қарқынды терапия жүргізіліп, емдеу толық көлемде жалғасып жатыр.

Оқиғаға қатысты тиісті органдар тексеру жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігіне байланысты жауапты органдар мен жұмыс берушілерге нақты тапсырма берген еді.