Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары жаңа мәнге ие болуы мүмкін - Досым Сәтпаев

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қытайдың Қазақстанға деген қызығушылығының артуына тағы бір себеп барын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ 

Сәтпаевтың пікірінше, Таяу Шығыстағы шиеленістің аясында Қытай Қазақстаннан мұнай жеткізу көлемін арттыруға мүдделі болуы мүмкін. Ол қазіргі таңда Иран Қытай үшін ең ірі мұнай жеткізушілердің бірі екенін еске салды: биыл көктемде Ираннан Қытайға тәулігіне 1,91 млн баррель мұнай тасымалданған.

– Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс өршіп жатқанда, Израильдің Иранның мұнай-газ инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін бе деген мәселе туындайды. Әзірге ондай әрекет болған жоқ, себебі мұндай соққы АҚШ тарапынан қолдау таба қоймас еді — Трамп әкімшілігінің кезінде мұнай бағасының төмен болуы стратегиялық мақсаттардың бірі болатын. Бірақ жағдай ушыға түссе, әсіресе Иран Ормуз бұғазын жауып тастауға шешім қабылдаса, онда Қазақстан Қытай үшін мұнай жеткізу тұрғысынан анағұрлым тартымды бола түсуі мүмкін. Қазір бұл жеткізілім көлемі көп емес. Сондықтан да Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасайтын алдағы сапары Таяу Шығыста соғыс басталған тұста жаңа мағынаға ие болуы ықтимал, – дейді Досым Сәтпаев.

САММИТ

Айта кетейік, 16-17 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келеді. Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.

17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді.