Қазақстан мен Қытай компаниялары “Қытай – Орталық Азия” индустриялық-инновациялық ынтымақтастық форумы аясында 25 млрд долларға жуық сомаға 60-қа жуық құжатқа қол қойды. Ulysmedia.kz солардың ең маңыздылары туралы баяндайды.
КӨЛІК ҚАҚПАСЫ
«Қытай – Орталық Азия» форумын аша отырып, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда көлемі 95 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті. Бұл көлемнің шамамен жартысы Қазақстанға тиесілі.
Сонымен қатар, өңір мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті әлдеқайда ауқымды.
– Орталық Азия – Қытай мен сыртқы нарықтар арасындағы көлік қақпасы әрі мультимодальды логистика саласында кең мүмкіндіктерге ие. Қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы жүктің 80%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Біз «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бұл ауқымды бастама Орта дәлізбен бірге Солтүстік және Шығыс бағыттағы көлік жолдарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 60%-дан асып, 4 млн тоннадан жоғары жүк жеткізілді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті жылына 10 млн тоннадан асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Роман Скляр.
Сондай-ақ ол Орталық Азияның әлемдегі ең ірі тәуелді суарусыз егіншілікпен айналысатын өңір екенін еске салды. Сонымен қатар ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуда да зор әлеует бар. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров бүкіл Орталық Азияның рөліне тоқтала келе: Қытаймен өңірлік ынтымақтастықтың флагманы – Қазақстан екенін атап өтті. Алайда Қытай инвесторлары жобаларды қарастырған кезде бүкіл Орталық Азияның нарығы мен әлеуетін бірге бағалайды.
– Ең бастысы — Қытай инвесторларымен бірлесіп Қазақстанда жүзеге асып жатқан жобалар бізге болашақта Қытайдың орасан зор экспорттық нарығына, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-қа шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жобалар Қазақстанда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне, салық базасының кеңеюіне, өзіміздің құзыреттерімізді арттыруға ықпал етеді, – деді Қуантыров.
60 КЕЛІСІМ БЕ, ӘЛДЕ 60 ЖОБА МА
Роман Склярдың айтуынша, қазіргі таңда Қытайдың қатысуымен Қазақстанда жалпы құны 66 млрд АҚШ долларынан асатын 224 жоба жүзеге асырылуда, бұл жобалар шамамен 50 мың жұмыс орнын қамтиды. Сонымен қатар, өңір елдерінің экономикасына тартылған Қытай инвестициясының көлемі 40 млрд доллардан асқан.
Қазақстан нарығында қытайлық капиталы бар шамамен 10 мың компания жұмыс істейді. Форум аясында Роман Скляр Қытай инвесторларымен 10-ға жуық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Қытай серіктестері арасында 25 млрд доллар сомасына 60-қа жуық екіжақты келісімге қол қою жоспарланған.
Осы жобаларға қатысты «Kazakh Invest» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек кейбір келісімдердің жай ғана меморандум емес, нақты іске асырылып жатқан жобалар екенін атап өтті. Бірқатары әзірлеу сатысында, ал енді біреулері – тек ниет пен перспектива ретінде қарастырылып отыр.
Ол жобалардың нақты аяқталу мерзімдерін атаған жоқ, бірақ кейбірі өте жылдам жүзеге асуы мүмкін екенін жеткізді.
– Қытайлық серіктестердің ерекшелігі – егер бір шешім қабылдаса, оны мүмкіндігінше тез жүзеге асыруға тырысады. Олар өз елінде үйді, жолды, зауытты қандай жылдамдықпен салып жататынын білесіздер ғой. Яғни, егер олар шешім қабылдаса – бәрін өте жылдам орындайды, – деді Мадияр Сұлтанбек.
БЕКІТІЛГЕН ЖОБАЛАР
Алдағы бірнеше жылда Қазақстанда не істелмек? Қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан немесе іске қосылу кезеңінде тұрған 224 жобадан бөлек, қандай бастамалар бар? Қытай мен Қазақстан арасындағы болашақ ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде Мадияр Сұлтанбек жасыл сутегі өндіру жобаларын әзірлеуді атады.
– Қалпына келетін энергия көздері арқылы алынатын жасыл сутегінің маңызы өте зор. Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, АҚШ сынды елдер бұл технологияға ерекше мән беріп отыр. Себебі ол — жоғары технологиялы бағыттардың бірі. Көптеген көрсеткіштер бойынша сутегімен жұмыс істейтін ұшатын аппараттар мен көліктер электр қуатымен жүретін баламаларынан асып түседі. Қазақстанның бұл салада әлеуеті зор, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ энергетика, цифрландыру, көлік және логистика салаларында ынтымақтастық жөнінде нақты құны көрсетілмеген бірқатар меморандумдарға да қол қойылды.
Қазақстан даму банкі мен China Development Bank екі валюталық кредиттік желі ашу туралы Бас келісімге қол қойды (юань және АҚШ доллары), жалпы сомасы 1 млрд долларға тең. Бұл келісім Қытай–Қазақстан ынтымақтастығы аясында экономиканың негізгі салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған.
Форум аясында қол қойылған ең “қымбат” жоба — “ПетроҚазақстан Ойл Продактс” ЖШС өндірістік қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасы болды.
Бастама Қазақстанның отын қауіпсіздігін нығайтуға және мұнай өңдеу саласын дамытуға бағытталған. Инвестиция көлемі – 5,8 млрд доллар.
Екінші орында — Алматы облысы әкімдігі мен TBEA Company Limited компаниясы арасындағы меморандум. Ол 1000 МВт қуаттылығы бар күн электр станциясы мен трансформатор шығаратын зауыт құрылысын қамтитын ауқымды энергетикалық жобаны жүзеге асыруды көздейді. Алдағы уақытта инвестор Алатау қаласын сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін 1320 МВт көмір электр станциясын салуды да жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция көлемі — 3,7 млрд доллар.
Үшінші орында — ҚР Көлік министрлігі мен Қытайдың CITIC Construction Co корпорациясы арасындағы “Орталық–Батыс” инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісім. Инвестиция көлемі – шамамен 2,8 млрд доллар.
Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының ең перспективалы бағыттарының бірі ретінде “Kazakh Invest” басқарма төрағасының орынбасары дәнді дақылдарды өңдеуді атады.
Ол Қазақстан жыл сайын 26 млн тонна астық өндірсе де, оның тек 3%-ы ғана терең өңдеуге ұшырайтынын еске салды.
– Жамбыл облысында жүгеріні өңдейтін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны — 850 млн доллар. Қытайлық Fufeng Group компаниясы жыл сайын 3 млн тонна жүгеріні өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл жоба Жамбыл облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан фермерлерінің қызығушылығын тудырды. Fufeng Group жүгеріден 10-нан астам өнім түрін өндіреді, олардың ішінде — Қытайдың қазіргі таңда химиялық синтезделген өнімдерден бас тартып, ауысып жатқан табиғи дәм күшейткіштері де бар, – деп түсіндірді ол.
Бұл зауыттың құрылысы қазірдің өзінде жүріп жатыр, сондай-ақ бидайды өңдеуге арналған осындай кешенді зауытты Ақмола облысында салу жоспарланған. Бұл жобаның құны – 1,1 млрд доллар.
Сондай-ақ майлы дақылдарды, мақтаны, көкөністерді өңдеу бойынша бірлескен жобалар туралы келісімдерге қол қойылды. Ауыл шаруашылығы және өзге де техникаларды шығаратын зауыттар іске қосылады. Қазақстан мен Қытайдың оқу орындары арасында күн және жел энергетикасы, логистика және экономиканың басқа да салаларында ынтымақтастық орнатылады.