Amnesty International ұйымы өлім жазасын қолдануда көрсеткіші жөнінен алда тұрған елдерді атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Amnesty International ұйымы жариялаған есеп бойынша, 2025 жылы әлемде кем дегенде 2707 адам өлім жазасына кесілген. Бұл 1981 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ұйым көрсеткіштің күрт өсуін Ирандағы өлім жазасының жоғары болуымен байланыстырады.
Amnesty International мәліметінше, былтыр Иранда 2159 адам өлім жазасына кесілген. Тегеран өлім жазасын саяси қысым мен наразыларды басып-жаншу құралы ретінде пайдаланып отыр. Иран билігі өлім жазасын елде болған жаппай наразылықтар мен былтыр жазда Израильмен болған соғыстан кейін жиі қолдана бастаған.
Құқық қорғаушылар Қытай бұл статистикаға енгізілмегендіктен әлемдегі өлім жазасына қатысты көрсеткіш бұдан әлде қайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады. Қытайдың жыл сайын мыңдаған өлім жазасын орындайтыны айтылады, бірақ оның нақты саны құпия күйінде қалып отыр.
САУД АРАБИЯСЫ МЕН АҚШ-ТАҒЫ КӨРСЕТКІШ
Ираннан өзге өлім жазасының өсімі Сауд Арабиясы, Кувейт, Египет, Йемен және АҚШ-та тіркелген. Есепке сәйкес, Сауд Арабиясы былтыр кемінде 356 адамды өлім жазасына кескен. Ал АҚШ-та 2025 жылы 47 адам өлім жазасына кесілген. Бұл 2009 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Өлім жазаларының басым бөлігі Флорида штатының үлесіне тиеді.
Баяндама авторлары өлім жазасының көбеюін кейбір елдерде авторитарлық үрдістердің күшеюімен байланыстырады. Олардың пікірінше, билік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын көрсету, азаматтық бостандықтарды шектеу және сынды басып-жаншу үшін қатал жазаны жиі қолданады.