Санкт-Петербургте полиция аннексияланған Қырымнан келген «Нефес» қырым татарлары балалар би ансамблінің үш жетекшісін ұстады. Бұған ансамбль мүшелерінің Петропавл қамалына экскурсия кезінде қырым татарларының туымен суретке түсуі себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
«Нефес» ансамблі Санкт-Петербургке «Ресей — менің тарихым» тарихи паркінде өнер көрсету үшін барған.
Серуен кезінде балалар ансамблі Ресей, Қырым және қырым татарның ұлттық туымен суретке түскен.
Бұл туды Ресейде тыйым салынған Қырым татарлары халқының Мәжілісі ұйымы да қолданады. Бірақ тудың өзі ресми түрде «экстремистік символика» деп танылмаған және оған тыйым салынбаған.
Ансамбль жетекшілерінің танысы Егор Абрамовтың айтуынша, фотосессиядан кейін топқа полиция қызметкерлері келіп, тудың «экстремистік символикаға ұқсайтынын» айтып, оны тәркілейтіндерін мәлімдеген.
Кейін үш ересек адам, соның ішінде ансамбль хореографы Севиле Халилова ұсталған. Олар 43-ші полиция бөліміне жеткізілген.
БАҚ мәліметінше, ұсталғандардың үстінен «рұқсат етілмеген акция ұйымдастыру» бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ әзірге полиция қандай бап бойынша іс қозғалғанын хабарламаған.
– Мен балаларды қайырымдылық концертіне қатыстыруға алып бара жатқанда экстремизм айыбымен полицияға тап боламын деп ойламадым, – деген Халилова «Фонтанка» басылымына.
Оның сөзінше, ансамбль бұған дейін де Санкт-Петербургке қырым татарларының туымен бірнеше рет келген. Бірақ ол кезде туға қатысты ешқандай мәселе болмаған.
Ансамбль жетекшілері ұсталғаннан кейін, қайырымдылық концерті өтпей қалған.
КОНТЕКСТ
18 мамыр – 1944 жылы қырым татарларын депортациялау басталған күн. Украинада бұл дата қырым татарлары халқының геноциді құрбандарын еске алу күні болып танылған. Қырым татарлары Мәжілісінің 2014 жылғы мәлімдемесінде Қырым аннексиясынан кейін қырым татарлары жүйелі түрде қудалау мен қуғын-сүргінге тап болғаны туралы айтылған.