Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстандағы үш жылу электр орталығының құрылысына Ресеймен қатар Қытай компаниялары да қатысу ықтималдығын жоққа шығармады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, үш ЖЭО салу мәселесі күн сайын талқыланады. Ол мердігерді таңдау туралы шешімді энергия өндіру активтерінің иесі ретінде "Самұрық-Энерго" қабылдайтынын айтты.
Ресейдің қатысуы жайлы мәселе Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының алаңдарында нақтыланады. Ақкенженов Қазақстан Ресейден де, басқа елдерден де баға ұсынысын әлі алмағанын атап өтті.
Менің ойымша, лайықты ұсыныстар бар. Барлығы жабдыққа байланысты (жобаның құны): егер ресейлік жабдық болса, онда баға бір болады, егер қытай болса бір басқа. Бүгінгі таңда бізде Ресей тарапынан да, басқа мердігерлерден де нақты ұсыныс жоқ, - деді ол.
КОНТЕКСТ
2024 жылы Қазақстан мен РФ үкіметтері үш ЖЭО салу жөнінде келісімге келген. Әңгіме Көкшетау (қуаты 240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) ЖЭО-сы туралы болып отыр. Жобаларды іске асыруға "Интер РАО" компаниясы тартылған, ал қаржыландырудың негізгі көзі Ресей мемлекеттік банктерінде жеңілдетілген шарттармен алынатын қарыз екені айтылған. Алайда кейінірек жоба ресейлік тараптың қаржылық қиындықтарына байланысты тоқтатылды.