Әділдік іздеген Талғат Ермегиявтің ұлы үндеу жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

14 жылға бас бостандығынан айырылған Талғат Ермегияевтің ұлы Мәди Ермегияев үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮНДЕУ

Мәди 10 жыл бойы отбасы әділетсіздік жолында өмір сүріп жатқанын айтады.

- Әкем ұрлық жасап байып кеткен жоқ, керісінше, ол мемлекет қаражатын қорғау үшін жазаға тартылған азамат. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай “ақ қағазға қара сиямен жазылған шындықты қызыл тілмен көміп тастай алмайсың”. Бүгін осы шындықты ашу үшін жиналдық. Әкем туған-туыстарынан жырақта, темір тордың ар жағында сан жылын өткізді. Сол жылдарда ол балаларының жастық шағын, немерелерінің дүниеге келуін көре алмады, дейді Ермегияевтің ұлы. 

ОТБАСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

Мәдидің сөзінше, анасы сирек кездесетін ауруға шалдыққан. 

- Осы уақыт бойы анамыз сирек кездесетін аутоиммунды аурумен – төртінші дәрежелі өкпе саркоидозымен ауырады. Бұл дерт оған қатты күйзелістен кейін келді. Соңғы екі жылда ол тек оттегі аппаратымен тыныс алып, күнделікті өкпенің жұмысын қолдайтын гормоналды препараттар қабылдап жүр. Ол әр күні күйеуінің ертерек бостандыққа шығып, отбасымен қайта қауышуын тілеп, дұға етеді. Әкемнің ата-анасы да жасы келген шақта жалғыз ұлын тағатсыздана күтіп отыр. Олар әлі күнге дейін үмітін үзбей, оның үйге оралуын тілейді. Мен оның ісі әділ қаралуын сұраймын. Әкем 14 жылдық жазасының негізгі бөлігін, яғни 10 жылын өтеді. Мен сатқындықты емес, заңды таңдаған адамға әділдік беруіңізді сұраймын. Ол басын құмға тығып, үнсіз қалған жоқ – керісінше, мемлекеттік мүддені қорғауға тырысты. Ал оған жауап ретінде ықпалды адамдардың қысымымен қолдан жасалған айыптау үкімі шығарылды. Бүгінде бізде нақты бір қадам арқылы әділдік жолын бастаудың мүмкіндігі бар – ол дәлелсіз, қисынсыз, шындықсыз іске қайта қарау жүргізу, дейді ол. 

Мәди жаңа Қазақстанды атап өтті.

- Президентіміз айтқандай, жаңа Қазақстан ол ең алдымен әділетті Қазақстан. Бұл тек бір отбасының күресі емес, бұл баршамыздың әділетке деген сеніміміздің сынағы. Сондықтан бей-жай қарамайтын бар қазаққа үндеу жасаймын: бұл істі біліңіздер, таратыңыздар, айтыңыздар. Себебі әділет үшін үнсіздік – әділетсіздікке серік ұғым. Әкемді қайтару тек біздің ғана арманымыз емес. Ол елдегі әділеттің орнауы. 

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ

Мәди Ермегияев президентке үндеу жасап, көмек сұрады. 

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Ермегияев Мәди сізге еліміздің Конституциясының кепілі ретінде жүгінемін. Әкем Талғат Ермегияев жазықсыз он жылға жуық уақыттан бері түрмеде отыр. Бұл жылдар бойы отбасының жанында бола алмады, балалары өсті, немерелері туылды, ата-анасы қартайып, жұбайы ауыр дертпен ауырып жатыр. Сіздің адамгершілік пен әділетке деген ұстанымыңыз үшін алғыс білдіреміз. Сізден осы іске назар аударып, әділ қаралуына қолдау көрсетуіңізді сұраймын, дейді Мәди Ермегияев. 

EXPO ІСІ

2016 жылы тамызда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

«Экспо-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында осы іс бойынша өз нұсқасын айтқан болатын.