Сәтбаевта оқушы қызды екі көлік бірдей қағып, мерт қылды

Сырым Қаржас
Известия / Дмитрий Коротаев

Сәтбаев қаласында оқушы қызды екі көлік бір мезгілде қағып кеткен. Сот жүргізушілердің біріне қатысты бұлтартпау шарасын таңдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қайғылы жол-көлік оқиғасы 16 маусым күні Сәтбаев қаласында болған.

Ұлытау облыстық сотының дерегіне сүйенсек, 2012 жылы туған қыз жаяу жүргіншілер өткелінен тыс жерден жолды кесіп өтпек болғанда, алдымен оны Toyota Camry көлігі қағып кеткен. Артынша қарсы бағыттан келе жатқан Lada Priora маркалы көлік екінші рет соққан. Соққының қатты болғаны соншалық, бала ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Toyota Camry жүргізушісіне Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Күдікті өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірген.

Тергеу оны қамауға алуды сұрап, сот екі айға қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Алайда бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Істің әрі қарайғы барысы барлық заңдық рәсімдерден кейін белгілі болады. Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатыр.