«Nur Otan таратылсын» дегендерге Байбек жауап берді

Ulysmedia

«Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «партия таратылсын» дегендерге жауап берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Күшіміз – бірлікте!» деп барлығымызды ортақ мақсат жолында топтасуға шақырып отыр. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. «Nur Otan» партиясы елдің бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Партия ту еткен осы мәселелердің қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «Парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар – «Nur Otan» партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. «Nur Otan» партиясы құрылғалы бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. «Ұлы істер үндемей бітеді» демекші, бұл – даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан біз айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал, жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн», – деді Бауыржан Байбек бейнеконференция байланыс режимінде өткізілген жиында.

Оның айтуынша, ақпан айында «Nur Otan» депутаттарының қоғамдық рейтингін қалыптастыруға арналған платформа жария форматта іске қосылады.