Қазақстандықтар Иран-Израиль қақтығысына қарамастан Дубайға ұшып жатыр

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Таяу Шығыстағы ахуалға қарамастан, қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірліктеріне демалу үшін бара түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстаннан БАӘ-ге қатынайтын рейстердің жалғасып жатқанын растады.

Қазір Таяу Шығыстағы жағдай белгісіз күйде (ахуал тұрақсыз – ред.). Сондықтан ол жаққа демалуға бармас бұрын жақсылап ойланған жөн. Әзірге ұшақтар ұшып жатыр, бірақ кез келген сәтте рейстер тоқтап қалуы мүмкін. Ал ондай жағдайда қазақстандықтардың елге қалай қайтатын-қайтпайтыны үлкен сұраққа айналады. Ұшақтар лық толы. Қазақстандықтар ықтимал қауіпке қарамастан Дубайға ұшып жатыр, – деді Смадияров.

Кеше дипломаттармен сөйлестім. Олардың айтуынша, соңғы 6-7 рейс (әмірліктерден – ред.) лық толы ұшып келген. Бұл – бір-ақ күннің көрсеткіші. Соңғы бірнеше күнде, бір аптада қанша адам келгенін өзіңіз есептей беріңіз, – деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның туризм және спорт министрлігі азаматтарға сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлау керек деп кеңес берген болатын.