Иран мен Израиль атысты тоқтатады – Трамп

Сырым Қаржас

АҚШ президенті Truth Social желісінде жазба жариялап, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыста тараптардың келісімімен атысты толық тоқтату келісімі алдағы бірнеше сағат ішінде орнатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМП НЕ ДЕЙДІ

Израиль мен Иран арасындағы қақтығыста алдағы бірнеше сағат ішінде «толық атысты тоқтату» режимі орнатылады. Мұндай мәлімдемені АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбіге қараған түні, 24 маусымда Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жасады.

«Израиль мен Иран атысты толық әрі түбегейлі тоқтату туралы келісімге келді (шамамен 6 сағаттан соң, қазіргі сәттен бастап, Израиль мен Иран өздерінің қазіргі және соңғы миссияларын аяқтаған соң іске асады), келесі 12 сағат ішінде бұл соғыс аяқталған деп есептеледі!» – деп жазды Трамп.

Оның айтуынша, атысты тоқтату режимін алдымен Иран бастайды, ал 12-ші сағатта оған Израиль қосылады. «24-ші сағатта әлем 12 күнге созылған соғыстың ресми түрде аяқталғанын қуана қарсы алады» деді АҚШ президенті.

«Бұл соғыс жылдарға созылып, бүкіл Таяу Шығысты жойып жіберуі мүмкін еді. Бірақ олай болмады әрі болмайды да! Құдай Израильді жарылқасын, Құдай Иранды жарылқасын, Құдай Таяу Шығысты жарылқасын, Құдай Америка Құрама Штаттарын жарылқасын, Құдай күллі әлемді жарылқасын!» – деп аяқтады Трамп өз жазбасын.

Мақала жарияланған сәтке дейін Израиль де, Иран да атысты тоқтату туралы Трамптың мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

ИРАН МЕН ИЗРАИЛЬ НЕ ҮШІН ҚАҚТЫҒЫСТЫ

Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс бірнеше күн бұрын Таяу Шығыстағы шиеленістің жаңа кезеңіне ұласты. Қайшылықтың басты себебі – Израильдің Сирия мен Ливандағы Иранға жақын күштерге жасаған әуе соққылары болды. Израиль Иранды “ядролық қару жасап жатыр” деп айыптап,  осы қадамға барғанын түсіндіруге тырысқан. Тегеран бұл әрекеттерді өз егемендігіне тікелей қауіп деп қабылдап, қарсы жауап беруге уәде еткен еді. Бұған дейін де Иран «Ислам революциясы сақшылары корпусына» тиесілі офицерлердің қазасы үшін кек алатынын мәлімдеген болатын.

Қақтығыс 2024 жылдың соңында басталған Газа секторындағы соғыс аясында одан әрі ушыға түсті. Иран Израильді палестиналық ХАМАС ұйымына қарсы әскери қимылдарды тоқтатуға шақырса, Тель-Авив Иранды ХАМАС-ты қаруландырып, аймақты тұрақсыздандыруға әрекет етіп отыр деп айыптады. Осылайша, жанама қақтығыстар біртіндеп тікелей соғыс қаупіне ұласты.

Сарапшылардың айтуынша, Иран мен Израиль арасындағы бұл текетірес тек екі елдің мүдделеріне ғана емес, бүкіл аймақ қауіпсіздігіне төнген қатер саналады. АҚШ пен БҰҰ екі тарапты сабырға шақырып, атысты тоқтату үшін дипломатиялық жолдарды қарастыруда. Соңғы мәлімет бойынша, Дональд Трамп екі елдің атысты тоқтатуға келіскенін хабарлады, алайда бұл мәлімдемеге Тегеран мен Тель-Авив әлі ресми жауап берген жоқ.