Махаббат жайлы әңгіме айтып, «сені иіскеуім керек» деді – Түркістандағы филармонияда шу шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Республикалық және халықаралық деңгейдегі әнші-термешілер байқауларының жеңімпазы, танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның басшылығы туралы күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИСПАНИЯДАҒЫ КОНЦЕРТ

Әнші мұндай мәлімдеме жасаудағы мақсаты – хайп қуу емес екенін айтады. 

Мен босқа шырылдап, хайп іздеп жүрген әнші емеспін. Өнерге жаным ашығандықтан ашынып айтамын. Шындық деп шырылдап жүрген қазақтың бір қызымын. Түркістан облысына қарайтын Ш. Қалдаяқов атындағы филармонияның қызметкерімін. Бұл қара шаңырақ мен үшін әрқашан ыстық. Алдағы айдың яғни 11 шілдеде филармония өнерпаздары Испанияға концерттік бағдарламамен бара жатырмыз. Сол жаққа барарда киім мәселесін реттеп беріңіз деген сөзім басшыға жақпай қысым көрсетіп жатыр, – дейді әнші. 

“КОНЦЕРТКЕ ҚАТЫСПАЙСЫҢ”

Наркенже Серікпаеваның сөзінше, басшылық Испаниядағы концертке бармайсың деп талап қойған. 

Бүгін басшымыз Ғалымжан мырза маған филармония концертіне шықпайсың деп талап қойып отыр. Неге? Не үшін? Жеке кеш беріп ел аралап жүрген мен шықпағанда кім шығады? Иә, филармония өнерпаздарға киім тігіп беруге міндетті. Шындық айтқаным жақпай тұр ма сізге? Елімізді қоя беріңіз, шетелге қандай киіммен шығармақсыздар өнерпазды? Димашты әлем таныды. Домбырасымен, қазақша киімімен. Әлем қазақ өнеріне көз тігіп отқанда, прокатка алынған, жамау-жамау киіммен емес, қазақтың бүкіл болмысын көрсететін, ұялмай киіп тұратын киімді неге тігіп бермеске?! Шетелге бару үшін де бір өнерпазға 500 мыңдай кетеді(билет, визасы т.б) Сол ақшаға бір әншіге 2 көйлек тіктіруге болады. Шетел сенің не теңің, жалтырайды бір жерің сөз біздің ұжымға айтылғандай, дейді Наркенже Серікпаева. 

“ҚОЛАСТЫНДАҒЫЛАРҒА ДӨРЕКІ СӨЙЛЕЙДІ”

Әншінің сөзінше, театр басшысы қоластындағыларға дөрекі сөйлейтін көрінеді. 

Қызметін пайдаланып, қол астындағыларға дөрекі сөйлейтін басшымыздың әрекеті өз алдына бөлек әңгіме. Мен қара басымның емес жалпының жағдайын айтып жар салып жатырмын. Айлығы шәйлығынан аспайтын, арасында қашып тығылып тойға шығып қайтатын әнші киімін тіктіре ме? Әнін жаздыра ма? Кредитін төлей ме? Осы орайда Түркістан облысы әкімі Нұралхан Оралбайұлынан көмек сұраймын. Мені қабылдасаңыз айтарым көп. Біздің филармонияның қазіргі жай күйінен хабар алыңыз! Мәдениетімізді кімдердің қолынан бергеніңізге мән беріңізші, дейді әнші. 

“КӨП ҚЫСЫМ КӨРІП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН”

Тағы бір үндеуінде Наркенже Серікпаева көп қысым көріп келе жатқанын айтады. 

Маған “концертке қатыспайсың, сенің киімің жоқ” деп және махаббаттар жайлы әңгіме айтты. Ұят та болса айтайын, “менің алдыма келіп отыр, мен сені иіскеуім керек” деген әңгіменің бәрінен өтіп келе жатырмын. Құрметті әкім мырза, осы мәселені қолға алуыңызды сұраймын. Жалпы мен ғана емес, қазақ қыздарының көбі сондай басшылардың астында кетіп бара жатыр, дейді әнші.

ТЕАТР НЕ ДЕЙДІ

Бұл жайттан кейін Түркістан қаласының мәдениет басқармасы мәлімдеме жасады. 

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі, ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Н.Серікбеваның әлеуметтік желідегі сыни жазбасына сәйкес келесідей хабарлаймыз. Ондағы көтерілген мәселелерді анықтау мақсатында басқарма тарапынан шұғыл комиссия құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді. Комиссия жұмысының нәтижесінен соң ресми жауап беріледі, делінген жауапта.