Кәсіпкерлер палатасы трансформация жасауға әзір – Мырзахметов

Ulysmedia

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Фейсбукке шыққан тікелей эфир кезінде айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: скриншот

«Кешеден бері «Атамекен» ұйымы, тағдыры, болашағы, құрылымдары туралы пікірталас өте қызу жүріп жатыр. Оны басқарма төрағасы ретінде өзім де, әріптестерім де көріп-біліп отырмыз. Бүгін алдарыңызға шығып қойылып отырған сұрақтарға, сынға, пікірлерге көзімді жеткізгім келіп отыр. Сіздердің «Атамекенді тарату керек» деген эмоциялық түрде айтылған ой-пікірлеріңізге құлақ асып отырмыз. Оны таратып жіберу, қабырғасы тұрғызылған үйді бұзу – оп-оңай. «Атамекен» – кәсіпкерлердің ұйымы. Ол үлкен кәсіпкерлердің, олигархтардың ұйымы емес. Оған өздеріңіздің көздеріңіз жетеді»,- деді  Мырзахметов.

Сондай ақ, ол палатаға қандай кәсіпкерлер жарна төлейтінін жеткізді.

«Біріншіден, «Атамекенге» төлемді тек үлкен кәсіпкерлер төлейді. Ол еліміздегі барлық кәсіпкерлердің 1%-ы ғана. Бір жылдық айналымы 170 миллион теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана төлейді. «Атамекенның» негізгі мақсаты – үлкен кәсіпкерлердің есебінен кіші кәсіпкерлерге қол ұшын созу. Бұл мәселені біз кезінде заң қабылдағанда айтқанбыз», - деді ол.

Мырзахметов сынға құлақ асатындарын айтты.  «Атамекеннің» құрылғанына 8 жыл болды. Оның ары қарай дамуы үшін реформалау жүйесі керегін де алға тартты.

«Атамекеннің» болашағы, оны реформалау туралы ойларыңызды әлеуметтік желіде эмоциямен ғана айтпай, дөңгелек үстелде нақты айтатын уақыт келді. Менің ұсынысым – «Атамекенді» реформалау, трансформациялау, алға жылжыту үшін жұмыс жасайық. Келесі дүйсенбіден бастап осы жұмыс тобына белсенділер, әсіресе кәсіпкерлердің белсенді қауымдастықтары, жергілікті кәсіпкерлер, олардың ойын жеткізетін көшбасшылары, өңірлік кеңестің сайланған мүшелері бірігіп жұмыс тобын құрайық», - деген ұсыныс білдірді Басқарма төрағасы.

Ал ұсыныстарды жинақтаған соң, төтенше құрылтай өткізуге әзір екендерін айтты.

«Бізге төлем жасайтын кәсіпкерлер аз ғана. Олардан төлем төлеу қиын болып жатыр ма – сол туралы сұрайық. «Атамекенге» төленетін төлемдер салық түрінде емес, кәсіпкердің мүмкіншілігіне қарай төленеді. Бұл жұмыс тобы барлық ұсынысты жинақтайды. 1-2 апта бойы пікір алмасамыз, соның бәрін сараптап, «Атамекеннің» төтенше құрылтайын өткіземіз. Сол құрылтайда жұмыс тобында көтерілген мәселені егжей-тегжейлі қараймыз», - деді.

Еске салайақ, кеше «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қызметінен кетті. Ол бұл қызметті 8 жыл бойы атқарды.