«Самұрық-Қазына» компаниялары аудиторларға банк құпиясын ашуға міндеттелді

Ulysmedia

Есеп комитеті мемлекеттік қаражаттың тиімділігіне бағалау жүргізу кезінде мемлекеттік аудит органдары үшін банк құпиясына қол жеткізу құқығын нормативтік бекіту мәселесін бірнеше рет көтерген. Мемлекет басшысы Есеп комитетінің бұл ұстанымын қолдады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Осыған байланысты, 2022 жылғы 13 қаңтарда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Мемлекеттік аудит органдарына банк құпиясын ашуға мемлекеттік қолдау алатын тұлғалардан келісім алу қағидаларын қабылдады. Бұл құжат Ұлттық қор мен республикалық бюджет қаражатын қоса алғанда, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың ашықтығын арттыруға бағытталған.

«Осы Қағидаларға сәйкес Қор тобының компаниялары мен олардың контрагенттері мемлекеттік қолдау алған кезде мемлекеттік аудит органдарына банк құпияны ашуы тиіс. Бұл «түпкілікті алушыға дейін» қағидаты бойынша жүргізілетін мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін бағалау сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін осындай шешімдерді «Зерде» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ холдингтері де қабылдаған болатын», - делінген Есеп комитетінің хабарламасында.

Сонымен қатар, Үкімет Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және квазимемлекеттік сектордың басқа да субъектілерін трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.