Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда есірткі саудасы бойынша күдікке ілініп, ұсталған Қазақстан азаматтарына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бақаевтың айтуынша, Индонезия тарапы қазақстандық дипломаттарға еліміздің азаматтарының ұсталғаны жөнінде ресми түрде хабарлаған.
– Бұл дерек расталды. Қазір іс Индонезияның құқық қорғау органдарының қарауында, тергеу жүріп жатыр. Қашан ресми шешім қабылданады, сол кезде бізге ресми түрде хабарланады, – деді Бақаев.
Ол бұл іспен консул айналысып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Индонезия арасында сотталғандарды өзара беру туралы келісім жоқ екенін айтты.
– 2014 жылдан бастап мұндай құжатты әзірлеу мүмкіндігі талқыланып келген. Алайда осыған дейін мұндай жағдай тіркелмегендіктен, келісімге қол қою кейінге шегерілді, – деді СІМ өкілі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Индонезияда Қазақстанның екі азаматы есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған болатын. Сәуір мен маусым аралығында Индонезияда жүргізілген ауқымды есірткіге қарсы операция барысында 285 адам ұсталды. Олардың қатарында 29 әйел мен жеті шетелдік бар. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.