Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қазір Минскіде жүр, бірақ отырысқа Армения премьер-министрі Никол Пашинян келмеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумға қатысқан. Мемлекет басшысы Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген. Дәстүрлі жиынның биылғы тақырыбы – «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива». Президент форум интеграциялық бірлестік қызметінің өзекті мәселелері жөнінде мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаңға айналғанына назар аударды.
Дамудың жаңа кезеңіне қадам басар алдында аталған одақ Еуразиядағы ең ірі бірлестіктердің бірі ретінде өзінің лайықты орнын иеленіп отыр. Ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. Өткен жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетті. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Ал елдеріміздің жиынтық ІЖӨ-нің өсімі екінші жыл қатарынан әлемдегі орташа көрсеткіштен асып түсті. Бүгінде бірлестіктің халықаралық беделі артып, жаһандық экономика жүйесіндегі маңызды субъектіге айналып келеді. Біздің ойымызша, ЕАЭО-ның одан әрі дамуы тең құқылық, ортақ игілік және прагматизм қағидаттарына арқа сүйеп, елдеріміздің экономикалық мүддесін нығайтуға қызмет етуі керек. Интеграция көп жағдайда біз қалаған нәтижеге жеткізбейді, бұл үшін өзара ымыраға келіп, бірлесе жұмыс істеу керек, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев модератордың ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифрлық технологиялардың перспективасы туралы сауалына жауап берді.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары Минскіде. Фото Ақорда
Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған басқару жүйесі және логистика ЕАЭО елдері экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Олар шығынды азайтып, тауарлар қозғалысын жеделдетуге және бизнестің ортақ нарыққа шығуын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Жаппай цифрландыру әлемнің тез өзгеруіне, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне түрткі болып отыр. Біз осы кезеңнің куәгеріміз. Аталған үдерісте ең ерекше назар аударатыны – жасанды интеллект. Бұл технология өнімділікті арттырып қана қоймай, экономиканың жұмыс істеу қалыбын, тіпті мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазірдің өзінде ЖИ коммуникация, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру секілді салаларға дендеп енді. Әрине, жасанды интеллектіні енгізудің теріс әсері де бар. Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті, кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді. Бірақ мұның бәрі жасанды интеллектінің, жалпы цифрландырудың жанама әсері деп ойлаймын. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек.
АРМЕНИЯ БАСШЫСЫ ҚАЙДА
Бір қызығы, бұл жиынға Армения премьер-министрі келмей қойған. Беларусь президенті Александр Лукашенко Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық одақ саммитінде Армения делегациясының қатыспағанына тоқталып өткен. Форум отырысында сөз сөйлеген Лукашенко ЕАЭО-дағы бірқатар түйткілді мәселелерге назар аударып, Арменияның позициясына да солар әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
Армения неге осындай ұстанымға көшті? Мүмкін, бізде бәрі мінсіз емес шығар, мұны жай ғана ысырып тастауға болмайды. Егер бірдеңе болып жатса, оған тек бір тарап кінәлі деу дұрыс емес, – деді ол.
Оның айтуынша, мысалдар жетерлік. Мәселен, 2025 жылға дейінгі стратегияда көзделген 18 негізгі тармақтың ешқайсысы орындалмаған.
Бұл мәселелерге терең үңілуге құлық жоқ. Бірақ өзімізді соған мәжбүрлеуіміз керек. Бір орында тұра берсек, басқалар қуып жетіп, басып озып кетеді. Одақ тартымды болуға тиіс, – деп түйіндеді Беларусь президенті.
Еске салайық, Еуразиялық экономикалық одақ – 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келе жатқан халықаралық интеграциялық экономикалық бірлестік. Оның құрамына Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан кіреді.
КЕДЕНДЕГІ ҮЛЕС ЖАЙЛЫ
Соғыс басталғалы Батыс елдері Ресеймен көп салада экономикалық байланысын үзді. Енді экономикалық одақ елдеріне тауардың бірқатары одақ елдеріне Ресей емес, Қазақстан арқылы келіп жатыр. Конъюнктура өзгергендіктен, экономикалық одақ ішінде кедендік бажды қайта қарайтын уақыт келді. Қазір экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын Қазақстан, 1,9%ын Қырғызстан, 1,22%ын Армения, 4,86%-ын Беларусь, 85,065%-ын Ресей алып отыр.
Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа "Қазақстан экономикалық одақтағы баж салығынан түсетін табысты арттыруға күш салып жатыр ма?" деп сұрақ қойған еді. Сағынтаев әлбетте, Қазақстанның кеден бажынан алатын табысы қазіргіден жоғары болуы керек деп мәлімдеген. Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де бұл мәселе жайлы ойын айтқан еді.