Қазақстандық саясаткер әрі азаматтық белсенді Ермек Нарымбайға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.
Белсендінің адвокаты Василий Садыковтің айтуынша, Нарымбай іс сотқа өткеннен кейін тергеу изоляторында жариялаған аштықты тоқтатқан.
Қорғаушының мәліметінше, белсенді бұл шешімді 15 мамыр күні қабылдаған. Сол күні оған іс материалдарының сотқа жіберілгені туралы хабарланған. Ал іс ресми түрде сотқа 18 мамырда түскен.
Адвокаттың сөзінше, тергеу 22 сәуірде аяқталғанымен, іс ұзақ уақыт прокуратурада жатқан. Қорғау тарапы материалдарда көптеген өрескел процессуалдық заңбұзушылық бар деп есептейді.
Сондай-ақ қорғаушылар сот процесінің ашық өтуін талап етіп отыр.
– Іс материалдарында мемлекеттік құпия жоқ. Сондықтан сот ашық форматта өтуі керек, – деді адвокат.
6 наурыз күні Астанадағы №64 мекемеде қамауда отырған Ермек Нарымбай адвокатына Бас прокурор Берік Асыловтың атына жазылған үндеуін тапсырған. Бұл хатты мекеме кеңсесі бұған дейін қабылдамай, прокуратураға жолдамаған, деп хабарлады адвокат Василий Садыков.
Хатта Нарымбай өзін қоғамға қауіп төндірмейтін әрекеттері үшін заңсыз ұстап отырғанын және қамау жағдайы талаптарға сай келмейтінін айтқан.
Осы және басқа да себептерге байланысты ол 2026 жылғы 4 наурыз сағат 21:00-ден бастап наразылық ретінде аштық жариялаған.
Еске салайық, Ермек Нарымбайға қатысты жаңа қылмыстық іс 2026 жылдың ақпанында қозғалған. Ол Қырғызстан аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға жеткізілген. 5 ақпанда Астана соты оны қамауға санкция берген.
Қазақстандық құқық қорғау органдары Нарымбайға сот үкімін орындамады деген айып тағып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол әлеуметтік желілерде конституциялық реформа туралы пікір білдіру арқылы интернетте жарияланым жасауға қойылған тыйымды бұзған.
Ермек Нарымбай Қазақстанда оппозициялық саясаткер ретінде танылған. Ол «Назарбаев, кет!» ұранының авторы ретінде белгілі. 2016 жылы Алматы соты оны Facebook-тағы посты үшін араздық қоздырды деген айыппен үш жылға соттаған. Кейін жаза бас бостандығын шектеумен алмастырылып, қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынған.