Астанада 60-тан аса журналиске мемлекеттен пәтер берілді

Сырым Қаржас
Руслан Желдібайдың facebook-парақшасынан

Қазақстандық 66 журналиске президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер берілді, деп хабарлайды UIysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, баспана шын мұқтаж журналистерге берілген. Олардың әлеуметтік жағдайы ерекше ескерілген.

– Биыл пәтерлі болған азаматтар қатарында 10 көпбалалы отбасы, 9 жалғызбасты ана бар. Сондай-ақ 12 отбасы мүмкіндігі шектеулі бала асырап отыр немесе ерлі-зайыптылардың біреуі денсаулығына байланысты еңбек етуге жарамсыз. БАҚ саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрген, бірақ еңбегі көп елене бермейтін режиссер, оператор, фотограф, монтажер, корректор секілді техникалық мамандар да қамтылды. Енді ғана шаңырақ көтерген отбасыларды, жас мамандарды қолдадық, – деп жазды Желдібай.

Бұл шара осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған. 2023 жылы – 65, 2024 жылы 67 отбасыға баспана берілді.

Айта кетейік, бүгін, 28 маусымда, Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Бүгінде Қазақстанда 5 800-ден астам БАҚ тіркелген: шамамен 4 000 баспа басылымы, 200-ден астам телерадиоарна, 90 шақты радиостанция және 1 200-ден аса онлайн-платформа жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Ulysmedia порталының бас редакторы Самал Ибраева Гүлжан Ерғалиевадан сұхбат алды. Бұл сұхбат БАҚ үшін ауыр кезеңде жазылды. Өкінішке қарай, бұл күнде Ulysmedia.kz, Orda.kz, Elmedia, KazTAG — және жекелеген журналистер бұрын-соңды болмаған қысымға ұшырап отыр.

Гүлжан Ерғалиева сұхбат барысында “Свобода слова” газетінің қалай құрылғанын, Назарбаев билігі тұсында тәуелсіз БАҚ-ты кім және не үшін жойғанын да ашық айтып берді.