Қостанайда тәрбиешілер балаларды ұрып, тамақ бермей қойған

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Қостанайда ата-аналар балалар орталығындағы видеожазбасынан жантүршігерлік кадрларды көрген соң дабыл қақты. Видео әлеуметтік желіде тарап, қоғам наразылығын тудырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz “Наша газетаға” сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

“Аманат и К” атты даму коррекциясы орталығына баратын балалардың ата-аналары редакцияға хабарласып, қолдарында нақты айғақ барын айтқан. Олар тәрбиешілердің балаларды ұрып, тамақ бермей қойған сәттері түсірілген видеоларды ұсынған. Бұл жайттар балаларға көмек көрсетілуге тиіс мекеменің өз ішінде болған.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы — “Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау, қатыгездік жасау белгілерімен” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер — орталықтың педагогтары мен қызметкерлері, яғни балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар.

— Барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Іс бақылауда”, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұл алғашқы шағым емес екені белгілі болды. Ата-аналар бұған дейін де полицияға бірнеше рет жүгініп, Қостанай білім бөліміне шағымдар жолдаған. Алайда қоғам назарын бұл мәселеге шулы видео жарияланған соң ғана аударды.

Журналистер Қостанай облыстық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасына пікір беру үшін жүгінді. Мақала жарияланған сәтке дейін ресми жауап болмаған.