1 шілдеден бастап қазақстандықтардың барлық шоты Ұлттық банк бақылауында болады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық банктік шоттар мен салымдар Ұлттық банктің бақылауында болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан Ұлттық банкінің қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздегі екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның даму банкі және Қазпошта барлық резиденттер мен бейрезиденттердің банктік шоттары мен салымдары бойынша есептілікті Ұлттық банкке тапсыруға міндетті болады.

ҚАНДАЙ ШОТТАР ЕСЕПКЕ АЛЫНАДЫ

Тек депозиттер ғана емес, барлық шот түрлері есепке енгізіледі:

  • ағымдағы шоттар;
  • мерзімді және жинақ салымдары;
  • жеке кәсіпкерлердің шоттары;
  • инвестициялық және шартты салымдар;
  • ұлттық және шетел валютасындағы шоттар (тіпті нөлдік қалдықпен болса да).

Есеп 10 жұмыс күні ішінде:

  • жаңа шот ашылғанда;
  • клиент деректері өзгергенде;
  • жаңа келісімшарт жасалғанда тапсырылады.

ЕСЕПКЕ НЕ КІРЕДІ

Есептік ақпарат келесілерді қамтиды:

  • шот иесі туралы деректер: жеке тұлға, ЖШС, ЖК немесе халықаралық ұйым;
  • банктік шот (немесе салым) келісімшартының мәліметтері;
  • техникалық ақпарат: валюта, пайыздық мөлшерлеме, шоттағы қалдықтар;
  • ай сайынғы операциялар есебі: түсімдер, шешулер, пайыздар, бұғаттаулар.

Құжатта көрсетілгендей, есепте шот иесімен барлық қарым-қатынас және шарт талаптарындағы кез келген өзгеріс көрініс табады.

ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕР ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ

ЖСН орнына есепте деперсонализацияланған идентификаторлық нөмір (ДИН) қолданылады – бұл шифрланған код, оны сыртқы тараптар ИИН-ге кері шеше алмайды.

ДИН талаптары:

  • әр клиентке бірегей болуы тиіс;
  • бір банк аясында өзгермейтін болуы керек;
  • ашық немесе жасырын түрде ИИН-ді қамтымауы қажет.

ЖСН не БИН болмаған жағдайда – АИН (альтернативті идентификатор) қолданылады.

Алайда, мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша (мысалы, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, Депозиттерді кепілдендіру қоры), банктер бұл мәліметтердің расшифровкасын қорғалған арналар арқылы беруге міндетті.

ЕСЕП ҚАТЕ ТАПСЫРЫЛСА НЕ БОЛАДЫ

Есеп қате тапсырылса оны үзетуге болады. Егер банк есепте қате жіберсе, ол 2025 жылдың соңына дейін, бірақ есепті тапсыру мерзімі өткен соң бір айдан кеш емес уақыт ішінде түзетулер енгізе алады. Бұл үшін Ұлттық банкке тиісті хабарлама жіберілуі керек.