Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі авиабомба табылып, Оснабрюкте 20 мыңға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
30 маусым, дүйсенбі күні Германияның Нижняя Саксония федералдық жеріндегі Оснабрюк қаласында ауқымды эвакуация жарияланды. Бұған құрылыс жұмыстары кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған жарылмаған снарядтың табылуы себеп болған.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, шамамен 20 мың адам, 13 мыңға жуық үй шаруашылығының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Оларға жергілікті уақыт бойынша 15:00-ге дейін өз үйлерін тастап шығу тапсырылған. Қауіпті аймақ қала орталығын қамтиды: бұл аумаққа орталық теміржол вокзалы, екі аурухана және бірнеше білім беру мекемесі кіреді.
Эвакуацияланған тұрғындар үшін уақытша орналастыру орталығы ұйымдастырылды, ол жергілікті мектептердің бірінің базасында ашылған. Арнайы қызмет өкілдері ауданды қоршауға алып, бомбаны залалсыздандыру жұмыстарына кірісті.
БҰРЫН ДА БОЛҒАН ЖАҒДАЙ
Айта кетейік, бұл Оснабрюктегі алғашқы жағдай емес. Екі апта бұрын да осыған ұқсас оқиға болған, сол кезде де соғыс кезінен қалған жарылмаған бомба табылып, 11 мыңға жуық адам эвакуацияланған еді.
Тарихшылардың мәліметінше, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай нацистік Германия аумағына 2 миллионнан астам авиабомба тасталған. Олардың 10–20%-ы жарылмаған күйде қалып, әлі күнге дейін қауіп төндіріп отыр.