ҚМДБ никабқа тыйым салынуына байланысты мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы бетті тұмшалайтын киімге тыйым салынуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚМДБ НЕ ДЕЙДІ

ҚМДБ Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бет-әлпетті толық жабатын киімге, соның ішінде ниқабқа қоғамдық орындарда тыйым салу туралы заңнамалық өзгерістер енгізілгенін атап өтті. 

- Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда, -  делінген жауапта. 

Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген.

- Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған. Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды. Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік, - дейді ҚМДБ өкілдері. 

ТЫЙЫМ

Еске салайық, 30 маусымда Қазақстанда бетті тұмшалайтын киімдерге ресми түрде тыйым салынған болатын. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда бетті жабатын киім киюге тыйым салатын заңға қол қойды. 

Енді Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімді киюге ресми түрде тыйым салынады. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.