Оралдық тұрғын 25 жыл бұрын адам өлтіргенін мойындап, полицияға өзі келген

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Батыс Қазақстанда 25 жылдан кейін ашылған қос кісі өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Mgorod мәліметінше, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты 25 жыл бұрын жасалған қос кісі өлтіру ісіне қатысты үкім шығарды. Айыпталушылар - 53 жастағы Асқар Батыров пен 50 жастағы Алибек Сармағамбетов.

СОТ ҮКІМІ

Сот үкіміне сәйкес, Батыров Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша кінәлі деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Ал Сармағамбетовке 15 жыл жаза кесілді. Екеуі де бұрын сотты болған.

Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, сотталғандар 30 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Еске сала кетейік, адам өлтіру оқиғасы 2000 жылдың жазында болған. Полицияның мәліметінше, Ружейников көшесіндегі №9 үйдің жанында тұрған көліктің ішінде екі ер адам оққа ұшқан. Олар оқиға орнында көз жұмды.

24 жылдан кейін Асқар Батыров полицияға өзі келіп, жасаған қылмысын мойындаған. Ал құқық қорғау органдары Сармағамбетовті қылмыстың тапсырыс берушісі деп таныса, ол өз кінәсін мойындамаған.