Иран басшысы Израильмен арадағы соғыстан кейін алғаш рет жұрт алдына шықты

Сырым Қаржас
West Asia News Agency

Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи діни рәсімге қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мемлекеттік БАҚ таратқан кадрлардан ондаған адамның шиизм күнтізбесіндегі ең қасиетті күндердің бірі — Ашураға арналған рәсімге жиналғаны көруге болады.

Хаменеи әдетте мемлекеттік іс-шаралар өтетін залға кірген сәтте жиналғандар діни ұрандар айтып, оны қарсы алды.

КОНТЕКСТ

13 маусымда басталған қақтығыстан бері Хаменеи жұрт алдына шықпаған еді. Ол халыққа тек алдын ала жазылған видеолар арқылы үндеу жасап келген. Мысалы, 26 маусым күні мемлекеттік телеарнадан көрсетілген үндеуінде ол АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымына қарамастан, Иран берілмейтінін мәлімдеген еді.

Айта кетейік, 22 маусымда АҚШ Ирандағы үш ядролық нысанға — Фордо, Исфахан және Натанзеге соққы жасаған. Бұл шабуылға дейін Израиль Иранның ядролық бағдарламасын жоюды көздеген әскери әрекеттер жүргізген еді.