Қырғызстан ресейліктерге азаматтық беруін тоқтатты

Сырым Қаржас
Фото: grs.gov.kg.jpg

2025 жылғы қаңтардан бастап ресейліктер Қырғызстан азаматтығын ала алмайтын болды. Бұл туралы паспорт мәселелері жөніндегі сарапшы Михаил Жуховицкий өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жуховицкийдің айтуынша, рәсімдеу іс жүзінде бұғатталғанына қарамастан, делдалдар әлі де ақша жинауды жалғастырып жатыр.

— Қырғызстанды ұмытыңыздар. Енді азаматтық алу мүмкін емес. Ешқандай ақшамен де, жағдайыңды түсіндірсең де ала алмайсың, — деп жазды ол.

Сарапшы бұл техникалық қате емес, саналы түрде жүргізіліп жатқан саясат екенін атап өтті.

— Елде алдын ала төлемдерді ашкөздікпен жинау жүріп жатыр. Орындаушылардың, делдалдардың, шенеуніктердің барлығы мұны біледі – олар азаматтық берілмейтінін біле тұра, ақша алып жатыр.

Маманның нақтылауынша, 2025 жылғы 24 қаңтардан бері Ресей азаматтарынан түскен бірде-бір өтінішті Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті де, Ішкі істер министрлігі де мақұлдамаған. Осылайша, жаңа азаматтар ағыны толығымен тоқтатылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан паспорттары ресейліктер арасында халықаралық санкциялардан айналып өту тәсілі ретінде танымал болған. Қырғызстан азаматтығын алу арқылы шетелдік банк шоттарын ашуға, визалар алуға және басқа елдерде еш кедергісіз бизнес жүргізуге мүмкіндік болған.

Ресейге қарсы Батыс санкциялары күшейе түскен тұста, ресейліктер балама паспорттарға көбірек қызығушылық таныта бастады. Формалды түрде достас ел саналатын Қырғызстан ресейліктер үшін халықаралық қызметтерге қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік беретін «тыныш бағыттардың» біріне айналған еді.