Оңтүстік Кореяның экс-президенті қайтадан қамауға алынды

Сырым Қаржас
Фото: en.yna.co.kr

Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль тағы да жалғыз кісілік камераға қамалды. Ол бейсенбі күні Сеулдегі тергеу изоляторына жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Reuters мәліметінше, прокуратураның сұрауы бойынша сот оның қайта тұтқындалуына ордер берді. Бұл Юнның былтыр елде әскери төтенше жағдай енгізуге тырысқанына байланысты қозғалған қылмыстық істің аясында жүзеге асты.

Сеулдің орталық аудандық соты экс-президенттің дәлелдерді жоюы мүмкін деген қауіппен қамауға алу шешімін қолдағанын мәлімдеді. Юн дәл осы тергеу изоляторында биыл жылдың басында 52 күн отырған еді, бірақ кейін техникалық себеппен босатылған болатын.

ТҮРМЕ ФОРМАСЫ

Юн Сок Ёль қайта қамалғаннан кейін оған стандартты түрме формасы — хаки түсті екі бөліктен тұратын киім берілді. Ол енді 10 шаршы метрлік жалғыз кісілік камерада отырады. Камерада ауа баптағыш жоқ, тек күндіз жұмыс істеп, түнде сөнетін шағын желдеткіш қана бар. Ұйықтау үшін төселетін матрас берілген. 

ЖЕКЕ ӨМІРІ МЕН МҮЛКІ

Түрмеден шыққан соң Юн әйелі және 11 үй жануарымен бірге Сеулдің беделді ауданындағы 164 шаршы метрлік пәтеріне оралған. Үкімет құжаттарына сәйкес, ерлі-зайыптылардың жалпы байлығы 7,5 миллиард вонға (шамамен 5,47 млн АҚШ доллары) бағаланады.

АУЫР АЙЫП ПЕН СОТ ПРОЦЕСІ

Экс-президентке елде әскери режим енгізуге әрекеттенгені үшін «бүлік ұйымдастыру» бойынша ауыр айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы күтіп тұр.

Бейсенбі күні таңертең Юн түрмеге қайта қамалғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, оның бүлік ісі бойынша сот отырысы өтті. Алайда ол тыңдауға қатысқан жоқ. Адвокаттары оның денсаулығына байланысты келе алмағанын айтты. Бұл туралы Renhap ақпарат агенттігі хабарлады.

ИМПИЧМЕНТ ПЕН САЯСИ ДАҒДАРЫС

Бұған дейін, сәуір айында, конституциялық сот парламенттің импичментін қолдап, Юн Сок Ёльді президент қызметінен ресми түрде шеттеткен. Елде әскери режим енгізуге ұмтылғаны оңтүстіккореялық қоғамда үлкен резонанс туғызып, бірнеше айға созылған саяси дағдарысқа себеп болған еді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, наурызда Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёль қамаудан босатылған еді. Себебі сот оны қамауға алуды тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырған.