Оралда шенеуніктер құмар ойындар үшін қызметінен босатылды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, Оралда 24 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, олардың 16-сы қызметінен босатылды. Бұған себеп — олардың онлайн бәс тігуге қатысуы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындары мен бәс тігуге, тіпті онлайн форматта қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып саналады. Осыған байланысты Орал қаласының прокуратурасы аталған нормалардың сақталуына талдау жүргізіп, әкімдік, полиция және мемлекеттік кірістер басқармаларының кейбір қызметкерлерінің букмекерлік кеңселер арқылы бәс тіккенін анықтады.

16 ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒА ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Тексеру нәтижесінде прокуратура Орал қаласы әкімдігіне, Мемлекеттік кірістер басқармасына және полиция департаментіне қадағалау актілерін жолдады. Қарау қорытындысы бойынша 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 16-сы қызметінен босатылды.

Мысалы, OLIMPBET мәліметіне сүйенсек, әкімдік қызметкерлерінің бірі 2021 жылдан бері шотына 34 млн теңгеден астам қаражат салып, 2024 жылғы өзгерістен кейін де 1,7 млн теңге енгізген. Оның 971 мың теңгесін ұтылып қалған. Осы деректерге байланысты ол қызметінен босатылды.