Маман қазақстандықтарға өздігінен емделу қауіпті екенін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әсел Мұсабекова 18 жыл бойы вирустар мен иммундық жүйені зерттеумен айналысқан биолог-ғалым. TEDxAstana алаңында ол ата-аналарға балалардың денсаулығына қатысты шешімдерде дұрыс басымдық қою керегін айтып, қауіпті қателіктерден сақ болуға кеңес берді.
Оның айтуынша, балама медицинаны бақылаудың жоқтығынан Қазақстанда кез келген мүмкіндікке сай келетін емханалар мен тәуіптер көптеп кездеседі.
– Жертөледегі сүліктер де бар, люкс-клиникалардағы сүліктер де бар. Кейбіреулер баланы сөйлету үшін оны үй жануарының ішек-қарынымен қылқындатады. Бұл мен ойдан шығарып тұрған нәрсе емес. Баланы қойдың нәжісіне шомылдырып, көкжөтелді кептер қанымен емдейді, – деді спикер.
ҚАУІПТІ ҚАЛАЙ ТАНУҒА БОЛАДЫ
Маманның айтуынша, интегративті, комплексті, функционалды медицина деген секілді сөз тіркестері күмән тудыруы тиіс.
– Егер біреу "авторлық әдістемем бар", "емдеудің ерекше хаттамасы бар" десе қашыңыздар. Жалпы, жиі ребрендинг жасалса, абай болу керек. Мысалы, Instagram-да кәдімгі, онша қауіпсіз емес тамырдан құю процедурасын "IV therapy" деп атау көбейді. Көріп жүрсіздер ғой? Немесе «БАД сатамын» дегеннің орнына «нутрицевтик таңдаймын» деп жазады. Бұл жаңа тренд. Егер олар емделмейтін ауруларды емдеп береміз десе, баланы арнайы жаттығусыз сөйлетеміз десе – сенбеңіздер. Егер өздерін "биохимик-нутрициолог" немесе "интегративті остеопатия маманы" деп таныстырса балаңыздың денсаулығын мұндай адамдарға сеніп тапсырмаңыздар, – деді Әсел Мұсабекова.